НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 13 жастағы жасөспірімді ұрып, ауруханадан бір-ақ шығарған ер адам қылмыстық жауапқа тартылады.
Полиция департаменті қылмыстық істің мән-жайын баяндады: 28 мамыр кешке оларға ер адам жасөспірімді ұрып-соқты деген хабарлама түскен. Бала ауруханаға жатқызылды.
Полицейлер оқиғаға қатысы бар 36 жастағы ер адамды ұстады. Оның айтуынша, аулада ойнап жүрген он жасар қызы мұрны қанап үйге келген. Жасөспірім тепкен доп қыздың бетіне тиген.
Ашуға булыққан әке көшеге шығып, қызын жылатқан баланы бір ұрған.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда ер адам көрші баланы белбеумен сабап тастады – видео
Соңғы уақытта ата-аналардың балалар арасындағы жанжалға араласып, оларды ұрып-соғу фактілері жиіледі.
Елорда полициясы ересектерге балалардың құқығын бұзып, денсаулығына зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.