НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов вакцина салдырмайтын мұғалімдердің жалақысы қысқара ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Вакцина алмаған ұстаздарға жаңа оқу жылында еңбекақысының 50 проценті ғана төленеді дейді. Осыны растайсыз ба?", - деп сұрады тұрғындардың бірі министрдің халыққа есеп беру кездесуінде.
Министр вакцина алу әр азаматтың өз еркі екенін атап өтті.
"Дегенмен біз мектептерді ашамыз десек, өз-өзімізді, жақындарымызды, балаларымызды осы індеттен сақтаймыз десек, онда әрине, басқаларға үлгі көрсетіп, ең бірінші болып вакцина салдыруымыз керек. Ал жаңағыдай вакцина алмағандарды жұмыстан шығарып жібереді немесе тағы басқа деген мәселелердің қайдан шыққан ақпарат екенін мен білмеймін", - деді Аймағамбетов.
Аймағамбетов мектептегі 13,5 мың маманның жалақысы қашан көтерілетінін айтты
Қазақстанда вакциналау науқаны биыл 1 ақпанда басталды. Бүгінде азаматтар отандық QazVac, ресейлік Спутник V және қытайлық вакцина арасында таңдау жасай алады.