НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзі вирус жұқтырмаса да, кейбір туыстары коронавируспен ауырғанын айтты.
Журналист Нартай Аралбайұлы министрден "туыстарыңыз коронавируспен ауырды ма" деп сұрады.
"Иә, әрине. Бірақ менің отбасым, яғни балаларым ауырған жоқ. Туысқандарым ауырды, өкінішке қарай, қайтыс болғандар да бар", – деді Цой Аралбайұлының YouTube-каналына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ведомство басшысы үкіметтегі әріптестерінің барлығы дерлік ресейлік вакцинаны салдырғанда, неге отандық QazVac-ты таңдағанын түсіндірді.
"Мен әу бастан қазақстандық вакцинаны қолдағым келді. Өйткені халық сенуі керек. Өкінішке қарай, біз көп жағдайда шет елдерде өмір керемет, бәрі тамаша деп ойлаймыз, соларға қызығамыз. Бірақ бізде де әдемі жерлер көп, мықты дәрігерлеріміз де баршылық. Мен отандық вакцинаны әзірлеген институттың үлкен потенциалын байқадым. Бұл институттың тарихы алпыс жылдан асады. Кеңес одағы кезінен бері өте күрделі технологияларды әзірлеп келеді. Вакцинаның алғашқы нәтижелерін, клиникалық зерттеулерді көрдік. Сол себепті қолдау көрсеттім", – деді министр.
Цойдың пікірінше, болашақта QazVac вакцинасына шет елдерден сұраныс артады.
QazVac – инактивацияланған вакцина, яғни коронавирустың жойылған вирусы қолданылған. Препаратты білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі.
Оқи отырыңыз: Цой адамдарға қауіп төндіретін кейбір қазақстандықтар туралы айтты
Вакциналау 2 кезеңнен тұрады: бірінші және екінші дозаның арасы – 21 күн.
Қазақстанда вакцина 18 жастан асқан адамдарға салынады, 18 жасқа дейінгі балалар үшін оның тиімділігі мен қауіпсіздігі әлі зерттелмеген.