Қоғам

Әсел Айтпаеваның өлімі: Грузияға барған қазақстандық тергеушілер жауап алуға кірісті

© Sputnik / Владислав ВодневДевочка смотрит в окно
Девочка смотрит в окно - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2021
Жазылу
Олар адам саудасы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр — Sputnik. Грузияға барған қазақстандық тергеушілер Әсел Айтпаеваның өлімі бойынша адамдардан жауап алуды бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Мамандар алдымен Грузия азаматы Бесик Тордуадан жауап алады. Оған зорлау және өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу әрекеттері бойынша айып тағылып отыр. Одан кейін Әсел Айтпаева жұмыс істеген фирманың иесінен жауап алынады. Ол – Қазақстан азаматы.

Тордуаның адвокаты Майя Устарашвилидің айтуынша, Бесик адам саудасына қатыспаған. 

"Ол кісінің өзі зардап шеккен. Грузияда компания ашып, жұмыс істеді. Әселмен және Мұратпен кездейсоқ танысты. Бесик істің мән-жайын грузиялық тергеушілерге айтып берген", - дейді Устарашвили.

Айта кетейік, адам саудасына қатысты мәселені Әселдің ата-анасы көтерді. Журналистерге сұқбат берген Алтай Айтпаев Бесик Тордуаның айтқан сөзіне сенбейтінін мәлімдеген. Ал "Әсел тұрмысқа шыққысы келген, өз-өзіне қол салуға бейім болды" дегенді естігенде есеңгіреп қалған. Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақ қызының туған-туыстары адам өлтіру бабы бойынша тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Әселдің анасы Айсұлу Айтпаеваның адвокаты Нино Андриашвилидің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде грузиялық тергеушілер істі екі бап бойынша қозғады. Атап айтқанда, зорлау және өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу.

Оқи отырыңыз: Әсел Айтпаеваның өлімі: адвокат істің мән-жайын баяндады

"Айсұлу Тбилисиде болғанда біз прокуратурада 11 сағат отырдық. Қазіргі кезде зорлау және өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біз адам өлтіру бабы бойынша іс қозғауды сұрап отырмыз. Қазіргі кезде сараптамалардың нәтижесін күтіп жүрміз. Сонда соққының іздері болды, болмады ма, көреміз", - дейді Андриашвили.

Ал осы істің тағы бір фигуранты – Мұрат Мейірбеков Грузияда Әселді екі рет зорлағаны үшін айыпталып отыр. Қазіргі кезде ол Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторында отыр. 

Әсел Айтпаеваның қазасы

26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева Грузиядағы үйінің терезесінің астынан өлі табылды. Бойжеткен ол жаққа көлік сатумен айналысатын автосалонға жұмысқа кеткен. Қайтыс боларының алдында қыз өзін мазақ етіп, қорқытқанын айғақтайтын аудио жіберген.

Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ іс бойынша күдіктілердің қатарында Грузия азаматы да бар.

Қазақстан Грузияға тергеу тобын жіберді. Кей мәлімет бойынша, Әсел адам саудасының құрбаны болған.

Тергеу барысын Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова өз бақылауына алды.

Жаңалықтар
0