Қоғам

Елорда әуежайында Ashyq қосымшасының талабын орындамаған ер адам бүлік шығарды

© Sputnik / Владислав ВодневПриложение ASHYQ
Приложение ASHYQ - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2021
Жазылу
Қауіпсіздік қызметкеріне қол жұмсап, жол талғамайтын қымбат көлікпен қашып кеткен ер адам көп ұзамай ұсталған

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Ер адам Ashyq жүйесін айналып өтіп, елордалық әуежай ғимаратына кіруге тырысқан. Әрекеті нәтижесіз болған соң ол қауіпсіздік қызметкеріе қол жұмсап, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға елордалық әуежайдың баспасөз қызметі.

Оқиға сәрсенбі, 19 мамырда болған. Әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов күтіп алушылардың бірі Ashyq қосымшасы арқылы әуежай ғимаратына кіруден бас тартқанын айтады.

"Әрине, оны авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері тоқтатып, әдеттегі кіреберістен Ashyq қосымшасы арқылы мәртебесін көрсетіп өтуін ескерткен. Алайда, ол мұндай талапты орындаудан бас тартып қауіпсіздік қызметкеріне қол жұмсап, қашып кетті", – деді Шалекенов.

Сонымен қатар, ер адам бетпердесіз жүріп карантиндік шараларды бұзған.

"Ол оқиға орынан жол талғамайтын қымбат көлікпен қашып кетті. Әуежай қызметкерлері дереу полицияның желілік бөліміне хабар беріп, көп ұзамай күдіктіні анықтады. Ендігі жерде ер адам бұзақылық әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – деді әуежай өкілі.

Оқи отырыңыз: Ashyq қосымшасы: "қызыл" статуспен емін-еркін жүргендер жазаға тартылуы мүмкін

Айта кетейік, күтіп алушылар мен жолаушылар әуежай ғимаратына Ashyq қосымшасының көмегімен ғана кіре алады. Әуежай қызметкерлері азаматтардың жоғарыдағыдай келеңсіздіктерге тап болмауы үшін қосымша арқылы мәртебесін алдын ала айқындап алғаны жөн екендігін екертеді. "Қызыл" (коронавирусты жұқтырған) және "сары" (байланыс) мәртебесі бар адамдардың ғимаратқа кіруіне жол берілмейді.

Жаңалықтар
0