Қоғам

"Банк талап ете алмайды": депутат алаяқтардан қорғаудың жаңа әдісін түсіндірді

© Sputnik / Абзал КалиевТелеграм-бот по выплате 42 500 тенге
Телеграм-бот по выплате 42 500 тенге - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2021
Жазылу
Егер адам қаржы ұйымына өзінің қарыз алмайтынын алдын ала ескертсе, онда ол өз атына бәзбіреулер рәсімдеген кредитті өтемейді

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан қазақстандықтарға кредит рәсімдеуден "ерікті түрде бас тарту" құқығын беруді ұсынды. Айтуынша, бұл соңғы уақытта жиілеп кеткен қаржы алаяқтығына тосқауыл болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат соңғы кездері кредиттік алаяқтардың құрбанына айналған азаматтар көбейгенін мәлімдеді. Алаяқтар адамдардың жеке деректерін пайдаланып, олардың атына несие рәсімдейді.

"Айлар өткеннен кейін өзінің банкке көп ақша қарыз екенін білген адамның қандай күйде болатынын елестетіңізші?! Өкінішке қарай, мұндай жағымсыз оқиғалар аз емес. Кейде адамдар өздері алмаған кредит туралы әуежайда, басқа елге ұшар алдында біліп жатады", – деді депутат.

Оқи отырыңыз: Қызылордада "таксистерді" ерекше әдіспен алдаған алаяқ қоғамдық резонанс туғызды

Ол бұл мәселеге қатысты мысал келтіріп, нақты фактіні алға тартты.

"Мәселен, белгісіз ер адам Алматы тұрғынының атына оның бұрын жоғалтып алған жеке куәлігін пайдаланып, 1,5 миллион теңге рәсімдеген. Жәбірленушіге бірнеше ай бойы қарызды басқа біреу алғанын дәлелдеуге тура келді", – деді Айгүл Құспан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында.

Мәжілісмен алаяқтар біреудің ЖСН арқылы да микрокредиттік ұйымдардан өзіне несие алатынын тілге тиек етті.

Алаяқтардан зардап шеккен қарапайым азаматтар сотқа, түрлі сараптамаға уақыты мен ақшасын жұмсайды, күйзеліске түседі. Кейбірі жылдар бойы кредиттерге еш қатысы жоқ екенін дәлелдей алмайды. Енді бірінің білікті заңгерлік көмекке қаржысы жетпейді, деп жалғастырды Құспан.

Қазіргі кезде бұл проблеманы шешу жолдарының бірі қазір Ресейде қаралып жатыр. Онда азаматтарға кредит ашуға "ерікті түрде тыйым салу" құқығын беру мүмкіндігі талқылануда. Яғни, егер адам қаржы ұйымына өзінің қарыз алмайтынын алдын ала ескертсе, онда ол өз атына бәзбіреулер рәсімдеген кредитті өтемейді.

"Азаматтың кредиттен бас тартқаны туралы мәлімет олардың несие тарихында көрсетіледі. Мұндай тыйым болған жағдайда кредиттік мекемелер несие беруден бас тартуға міндетті. Осыдан кейін банк кредитті төлеуді талап ете алмайды", – деді депутат.

Осылай деген Айгүл Құспан қазақстандықтарға кредит рәсімдеуден "ерікті түрде бас тарту" құқығын беру мүмкіндігін қарастыруды, кредиттік мекемелерді алаяқтардың бөгде адамдардың жеке деректерін пайдалануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдауға міндеттеуді ұсынды.

Жаңалықтар
0