АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Қазақстанның стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі санақ кезінде қазақстандықтарға қандай сұрақ қойылатын айтты.
Тізімде 87 сұрақ бар, сұрақтар тізімі айтарлықтай кеңейтілген.
"Тізім 67 сұрақ пен 20 нақтылаушы сұрақтан тұрады. Тізімді кеңейтуге 2020 жылғы халық санағы мен тұрғын үй қорын жүргізу жөніндегі еуропалық санақшылардың ұсынымдары және ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің әдіснамалық материалдары негіз болды", - деп хабарлады ведомство.
2009 жылғы халық санағы кезінде 73 сұрақ болды. Соған қарағанда 2021 жылы өтетін санақ кезінде көші-қон, жұмыспен қамту, неке жағдайы, туу деңгейі және тілдерді білуге қатысты сұрақтар қойылады. Сондай-ақ Вашингтондағы БҰҰ мүгедектік статистикасы тобы ұсынған жаңа сұрақтар да бар.
2021 жылғы ұлттық санақ 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында өтеді. Оның ұраны – " Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!".
Мобильді азаматтар үшін Aitu мобильді қосымшасы арқылы ұлттық санақтан өту мүмкіндігі беріледі.
Науқанға жұмсалатын шығындар 8,2 миллиард теңгені немесе 10,4 миллион долларды құрайды. Бұл сома санақ жүргізушінің жалақысын төлеуге, планшеттер сатып алуға және өзге де шығындарға жұмсалады.
2009 жылғы халық санағы қорытындысы бойынша Қазақстан халқының саны 1999 жылғы санақпен салыстырғанда бір миллионға ұлғайып, 16 миллион адамды құрады.