НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын осы қасиетті мейрам күллі мұсылман қауымы үшін айрықша маңызды. Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді", – делінген президент құттықтауында.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейтінін, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдыратынын атап өткен.
Ұлттарды ұйыстыратын ұлық мереке
Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та отандастарымызды Ораза айт мерекесімен құттықтады.
"Ораза айт – бейбітшілік пен бірлікке үндейтін исламның сан ғасырлық қастерлі дәстүрлерінің символы. Мейірімділік, рухани тазару, ізгі істер жасау – барлық ұлт пен дін өкілдеріне тән қасиет. Қазақстан халқын осы құндылықтар ұйыстырады. Сондықтан да Ораза айт шын мәнісінде барша қазақстандықтарды біріктіретін мереке болып саналады", – делінген Елбасы құттықтауында.
Ораза айт қалай тойланады
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, ет асылып, мерекелік мол дастарқан жайылады. Туған-туысқандар, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді.
Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл" болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді.
Оқи отырыңыз: Ертең Ораза айт мерекесі басталады: бұл күні не істеуге болмайды
Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.
Сонымен қатар, Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.