НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Әлеуметтік желіде қазақстандық студенттерді Қытайдан әкелінген вакцинаның жапсырмасын қазақстандық екпеге ауыстыруға мәжбүрлейтіні туралы ақпарат тарап кетті. Денсаулық сақтау министрлігі оны жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.kz сайты.
WhatsApp мессенджерінде тараған аудиожазбада әйел медициналық оқу орнында оқитын студентті кездестіргенін айтады. Оның айтуынша, студенттерді сабақ уақытында жасырын түрде "СК-Фармацияның" қоймасына алып барады да, қытайлық вакцинаға қазақстандық екпенің стикерлерін жабыстыруға мәжбүрлейді. Сөйтіп шетелдік препаратты отандық өнім ретінде ұсынады. Қоймаға ұялы телефонмен кіргізбейді және орындалуы тиіс күнделікті жоспар бекітілген.
Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық вакцинаны QazVac стикерлеріне ауыстыру туралы қауесетті жоққа шығарды.
Ресми мәліметке сәйкес, 30 сәуірде Қазақстанға "Hayat-Vax" вакцинасының 400 мың қаптамасы жеткізілді. Бұл – Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған қытайлық екпе.
Вакцинаның нұсқаулығы мен белгілері араб және ағылшын тілінде жазылған. Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 242-бабына сәйкес елімізде барлық дәрілік заттар қаптамасына қазақ және орыс тіліндегі нұсқаулық анық таңбамен жазылып, айналымға түсуі тиіс.
"Қажетті белгілерді қоюға және нұсқаулығы бар парақтарды буып-түюге ерікті студенттер көмектесті", – дейді министрлік мамандары.
Стикерлеу СК-Фармацияның Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе мен Шымкент қаласындағы хабтарында жүзеге асырылды. Әр қоймада 20-40 штаттық қызметкер жұмыс істеді. Жұмысты тездету мақсатында еріктілердің көмегі ұсынылды. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам, Алматы қаласында – 5 адам, Ақтөбе қаласында – 10 адам.
Оқи отырыңыз: Қытайлық вакцина туралы не білеміз – маңызды 10 сұрақтың жауабы
Қоймаға кірердің алдында барлық келушіге тиісті ережелер түсіндірілді. Қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық та берілді. Ал стикерлер мен аннотацияларды дайындау, сондай-ақ стикерді қаптамаға жабыстыру волонтерлік қызмет негізінде жасалғандықтан қандай да бір келісімдер мен шарттарға қол қою көзделмеген.