НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модиге жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев Үндістанда COVID-19 індетінің қатты өршуіне байланысты қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқы және жеке өзі үнді елінің қайғы-қасіретіне ортақ екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы коронавирустың шекараға бағынбайтынын, бүкіл әлемге таралып, адамдарға көптеп жұғып жатқанын қынжыла атап өтті. Ол індеттен қайтыс болған адамдардың отбасыларына көңіл айтып, дертке шалдыққандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
"Осындай қиын-қыстау кезеңде біз үндістандық достарымызбен бірге пандемияны ауыздықтау мақсатында күш біріктіруге және мемлекеттеріміз арасындағы берік достық пен өзара қолдау аясында қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Үндістан үкіметі сіздің дана басшылығыңызбен бұл дағдарысты еңсеріп, елдің қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз ете алатынына кәміл сенемін", – делінген жеделхатта.
Тоқаев Нарендра Модиге Үндістанның қазіргі ауыр сынақтан сүрінбей өтіп, елінің орнықты дамуына және одан әрі өсіп-өркендеуіне тілектестік білдірді.
Үндістанда не болып жатыр
Үндістанда Covid-19 індеті ушығып, ел коронавирустың басты ошағына айналды. Қазір елде тәулігіне вирус жұқтырған 400 мың науқас тіркелуде. Нью-Делиде коронавирустан көз жұмғандардың мәйітін өртеу жұмыстары тәулік бойы атқарылып жатыр.
Тағы оқыңыз: Үндістанда адамдар туыстарының мәйітін өртейтін орын үшін төбелесе бастады
Үндістанның денсаулық сақтау жүйесі індетке шалдыққандардың күрт өсуіне дайын болмай шықты. Ауруханаларда орын жоқ, медициналық оттегі тапшы.
Елдің премьер-министрі Нарендра Моди коронавирус инфекциясының жаңа толқынын "елдің үстіне төнген дауыл" деп атады.
Жалпы пандемия басталғалы Үндістанда 19 миллионнан аса адам вируспен ауырды. Бұл көрсеткіш бойынша ел әлемде АҚШ-тан кейін екінші орын алады.