14:36 24 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD426.61
  • EUR509.33
  • RUB5.88
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
207 0 0

Түркістан облысында "Қызыл кітапқа" енген жануарды қорғау мақсатында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы рейд ұйымдастырып, тұрақты түрде санақ жүргізеді. Сондай-ақ мамандар көктемде қызғалдақты қызық үшін жұлатындармен күреседі

АЛМАТЫ, 30 сәуір – Sputnik. Қатары сиреп, жойылу қаупі бар омыртқалы жануар мен өсімдіктер тізімі әр елдің "Қызыл кітабына" енгізілген. Олар заңмен қорғалады. Тізімде бар жануарды ату, өсімдікті жою заңмен қудаланады. "Түлкінің қызылдығы өзіне сор" демекші, бұл тізімдегі жануарларға аңшылардың қызығушылығы жоғары. Көктем шыға Қаратау аймағында жайқалып өсетін қызғалдақты қызық үшін үзетіндер де көп.

Sputnik Қазақстан тілшісі ерекше бақылаудағы табиғат байлығына қол сұққандарға қандай шара қарастырылғанын және олардың қалай қорғалатынын білді.

Қызғалдақ құны

Жуырда Түркістан облысында "Қызыл кітапқа" енген қызғалдақты жұлғанға ірі көлемде айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады. Көпшілік "9 миллион теңге" деген соманы көре сала, пікір екіге бөлінді. Бірі бұл соманың көп екенін, екіншісі табиғатты қорғау қажет екенін алға тартты.

Заңға сәйкес, өсімдіктің сирек кездесетін немесе жойылу қаупі төнген түрін заңсыз жойған адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымды атқару құқығынан 5 жылға дейінгі уақытқа айырылуы мүмкін. Кей жағдайда 3000 АЕК-ке (8 751 000 теңге) дейін айыппұл салынады. Немесе осы мөлшерде түзеу жұмыстарына, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады.

Одан бөлек азамат табиғатқа келтірілген шығын ретінде әр гүл үшін 0,5 АЕК немесе 1458,5 теңге өтемақы төлейді.

Оқи отырыңыз: Жылыжайда гүл өсіретін жігіт: Қазақстандықтар қызғалдақтың ерекше түрін менсінбейді

Заңгер, экобелсенді Абзал Құспанның айтуынша, айыппұл бір ғана мақсатта – сол экожүйені қалпына келтіруге жұмсау үшін салынады.

Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Бәйдібек ауданында 6 қызғалдақты жұлу фактісі бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Дәл осы Түркістан облысында 2020 жылы "Қызыл кітапқа" енген қызғалдақты жұлу бойынша 7 жайт тіркелген. Оның барлығы Бәйдібек ауданында болған. Оның ішінде 6 іс соттан өткен, біреуі сотқа жетпей қысқарған. Ол азаматтар соттың шешімімен әр қызғалдаққа 0,5 АЕК көлемінде өтемақы төледі.

Ал 2021 жылдың басынан бері дәл осындай 3 жағдай тіркелді. Оларға қатысты процессуалдық шешім қабылданбаған.

Жергілікті табиғатты қорғау саласындағы мамандардың айтуынша, қызғалдақ жұлу бойынша жылына 10 дерек тіркеледі, дәл сондай 100 жағдай назардан тыс қалады. Себебі жол бойында өсіп тұрған гүлді жұлып, көлігімен әрі қарай жүріп кететін адам көп. Оның бәрін бақылауға мүмкіндік жоқ, себебі аумақ үлкен, қызғалдақ әр жерде өседі.

"Түркістан облысында 110-нан астам өсімдік түрі "Қызыл кітапқа" енген. Соның ішінде қызғалдаққа деген сұраныс көп. Жыл сайын сәуір-мамырда қызғалдақ 15 күн бойы гүлдейді. Түркістан облысының Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандарында "Грейг" қызғалдағы көп кездеседі. Көктем кезінде тауға тұрғындар демалуға барады. Сол кезде қызығып, гүлдерді жұлады", - дейді Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразымбетов.

Маманның айтуынша, қызғалдақтың гүлін жұлған адам оны жоймайды. Себебі пиязшығы астында қалады. Алайда қызғалдақ гүлінен ұрық шашып, әрі қарай көбеюі керек. Демек, табиғатқа шығын келді. Сол себепті қызғалдақ жұлған адамның қоршаған ортаға қандай зиян келтіргені есептеледі.

Дей тұрғанмен, қызғалдақ жұлғандар сол арқылы табыс табуды көздемейді. Тіпті арасында оның заңмен қорғалатынынан бейхабар адамдар да бар. Алайда заң бәріне ортақ.

Айта кетейік, облыстағы Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінде небәрі 4 адам жұмыс істейді. Олар мемлекеттік орман қоры жеріне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қадағалау-бақылау жұмыстарына жауапты.

Арқарға көз тіккендер көп

Түркістан облысында "Қызыл кітапқа" енген балықтың 5 түрі, қосмекендінің 4 түрі, сүқоректілердің 14 түрі, құстың 23 түрі мекендейді. Көпшіліктің көзі Қаратау арқарына түседі. Сондай-ақ құмды аймақтарда қарақұйрықты аулау әрекеті жиі тіркеледі.

"Қарақұйрық аулау бойынша жылына 1-2 дерек тіркеледі. Содан кейін қарабауыр бұлдырық деген құс бар. Осы құсты және Қаратау арқарын ататындар бар. Арқар ату фактісі екі жылда бір рет тіркеледі. Алайда Қаратау арқарын атуға деген қызығушылық жоғары. Сондықтан көбіне күзет қызметін сол аумақтарды бақылауға үгіттейміз", - дейді Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Мұсалиев.

Арқар мекендейтін аумақта тұяқты жануарды атуға арналған суық қаруды асынып жүретіндер жиі кездеседі. Олардың әрекеті жүзеге аспаған соң пиғылын дәлелдеу мүмкін емес.

"Бізде қасқыр, шибөріні атуға арналған "жыртқыш аңдармен күрес" деген шара бар. Сол процесті жүргізуге рұқсатымыз бар деп, құжатын көрсетіп құтылып кетеді. Себебі оларда олжаланған аң болмайды", - дейді Мұсалиев.

Оның сөзінше, табиғатқа ешқандай зиян келтірмесе, яғни аң аулауға шығып, ештеңе олжаламаса, ол адамға ескерту беріледі. Егер қоршаған ортаға зиян келтірсе, залал көлемі 5 АЕК (14 585 теңге) мөлшерінен асса, айыппұл салынады.

Мысалы, 2019 жылы Қаратау арқарын атқандар ұсталды. Ұрғашы арқардың буаз болғаны анықталған. Сол кезде қоршаған ортаға келтірілген шығын 17 миллион теңгеден асты.

Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, қазір браконьерлерді ұстау оңай емес. Оларды ұстауға арнайы мамандар тартылады. Арнайы көлік пен арнайы құралдар қажет. Браконьерлердің бес сайманы түгел, дайындығы бар.

"Бюджеттік мекеменің қажетті техниканы алуға жағдайы жете бермейді. Қазіргі аңшылар балам үшін, ел үшін деп аң аулайтындар емес, олар – еріккендер. Олармен күреске жұмсалған шығын орнын толтыру, экожүйенің орнын толтыру мақсатында айыппұл салынады. Егер аңшы қарсыласқан жағдайда қоғамға қауіпті адам деп есептеледі. Табиғат қорғаушыларына қандай да бір қарсылық көрсетсе, бас бостандығынан айыру керек. Себебі ол қоғамға қауіпті деген сөз", - дейді заңгер.

Бұл мәселе жайлы жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімі басшысы да айтты. Бұл бөлімде облыс бойынша 3 адам жұмыс істейді. Одан бөлек таулы аймақтарды күзететін мекемелерде 2 топ бар, ол жерде 14 адам жүреді.

"Айыппұл көлемінің артуы аң аулау санының азаюына ешқандай әсер етпейді. Аумақтық инспекцияда облыс бойынша 3 адам жануарларды қорғаумен айналысады. Олар жануарларға қатысты шығынды есептейді, сот процесіне қатысады, аңшылық-шаруашылық аймақта рейд ұйымдастырады, жануарлардың санақ жұмыстарын жүргізеді. Аумақты қамтып үлгеруі мүмкін емес. Мүмкіндік болса, техника, жабдықпен қамтамасыз ету жағына көңіл бөлінгенін қалаймыз", - дейді Бақыт Мұсалиев.

"Көлік керек. Өтімділігі жоғары көліктер керек. Джип немесе соған ұқсас көліктер қажет. Біз мініп жүрген Нива, УАЗ секілді көлік Джип автокөлігінің соңынан қуса жете алмайды", - дейді ол.

Соған қарамастан қазір Түркістан облысында Қаратау арқары мен қарақұйрықтың саны артып келеді. Өңірде арқардың саны 1000-ға, қарақұйрық саны 100-ге жуықтады. Олардың саны көбейген сайын адамның көзіне де көп түседі. Елді мекендерге жақындайды. Алайда адамдар жауапкершілікті сезініп, артық әрекетке бармайды.

"Ақпарат қазір көпшілікке қолжетімді. Аң атқаны үшін берілетін жазаның қандай екенін оқып-біліп отыр. Қолында рұқсаты бар аңшының өзі бағалы аңды көрген кезде "ешкім көріп тұрған жоқ қой" демейді. "Бәлесінен аулақ, тыныштық керек" дейді. Қазір аңшылық тәрбие қалыптасып жатыр деп айтуға болады. Жылдан-жылға тұяқты аңдарға шабуыл жасау фактісі азайып жатыр", - дейді маман.

"Бүгінгі аңшылық – сананың құлдырауы"

Қоғам белсендісі, табиғат жанашыры Қайрат Кәрібаевтің айтуынша, ертеде адам аңға күн көру, отбасын асырау үшін шықса, қазір адамдар моральдық не материалдық аштықтан шығады.

"Қазақстан аумағында табиғаттың алуан түрлілігі жыл сайын азайып бара жатыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл Экологиялық кодекске өзгерістер енгізіп, жауапкершілікті күшейтіп жатса да, флора мен фаунаға төнген қауіп азаяр емес. Өткенде ғана елді дүрліктірген "9 миллион теңге айыппұл" қоғамды екіге бөліп тастап еді. Бұл жағдай тек өсімдіктің бір түрі туралы. Ежелден-ақ адам аңшылыққа күнін көру, азығын табу үшін шыққан. Бүгінгі күннің аңшылығы – таза сұғанақтық. Көлікпен қуып жүріп аңның сілікпесін шығарып, сосын жанына барып, қырып салады. Бұл – сананың құлдырауы, обалды ұмыту", - деді қоғам белсендісі Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ол табиғатты қорғау саласындағы бірнеше мәселені көтерді. Айтуынша, табиғат қорғаушылардың материалдық-техникалық базасы жұпыны күйде тұр. Браконьер соңғы үлгідегі джип, оптикасы мықты қару, байланыс құралдарымен жүрсе, кейбір инспекторлар жеке көлігімен рейдке шығады.

"Табиғат қорғаушысының қолында қаруы жоқ, құқығы шектелген. Екіншіден, табиғат қорғаушылардың материалдық жағдайы төмен. Олар 70-80 мың теңге айлыққа жұмыс істейді. Соған байланысты саны азайып бара жатқан жан-жануар мен өсімдіктерге өзінің "доступын" пайдалануға беріп немесе жоғарыдағы "көке-Жәкелердің" тапсырысын орындауға мәжбүр болуы мүмкін. Қазір арқар, ақбөкен, бекіренің етін дастарқанға қою сәнге айналып бара жатқаны белгілі", - дейді.

Сол себепті қорықшылардың жалақысына мән беруді ұсынды. Белсендінің сөзінше, табиғатқа шабуыл жасаудың алдын алу – халықтың әлеуетін көтеру.

"Балық пен аңды заңсыз аулауға адам жетіскенінен шықпайды. Бұл да адамдардың тұрмысына тікелей байланысты. Сондай-ақ, экологиялық мәдениет пен сананы қалыптастыру күттірмейтін проблема. Тек солай ғана "Қызыл кітап", "Қара кітап" тізімінің толығуын тоқтатуға мүмкіндік бар", - дейді Қайрат Кәрібаев.

Ол сондай-ақ айыппұл санын арттырғаннан бұрын халыққа жан-жануардың киесі туралы ұғымды түсіндірген жөн деп санайды.

Айта кетейік, Қазақстанның "Қызыл кітабына" қазір өсімдіктің 400-ге жуық түрі және омыртқалы жануарлардың 133 түрі енген.

P.S. Қазақстанның қылмыстық кодексінің 339-бабы "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрін, олардың бөлігін немесе дериватын заңсыз пайдалану" бойынша 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Кілт сөздер:
қызғалдақтар
Загрузка...

Басты тақырып