Қоғам

Коронавируспен ауырған дұрыс па, әлде вакцина салдыру керек пе - маман жауабы

© AP Photo / Alastair GrantЖенщина в маске
Женщина в маске - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.04.2021
Жазылу
Ресейлік вирусолог коронавирусқа қарсы вакцина алған адам маска тағып жүруі керек екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Спутник V вакцинасы коронавирустың британдық және басқа да штаммдарынан қорғай ма? Екпе салдырған адам вирус тарата ала ма? Не себепті вакцинадан кейін де бетперде тағып жүру қажет? Гамалея атындағы институттың бас ғылыми қызметкері Анатолий Альтштейн осы сұрақтарға жауап берді.

Вирусолог Анатолий Альтштейн бүгінгі күні коронавирус шамалы ғана әлсіреді деп санайды. Адамдар оған үйрене бастады, ал дәрігерлер емдеуді үйренді. 2020 жылдың наурызында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) эпидемия туралы мәлімдеме жасады. Ол кезде дамыған елдердің өзінде осы аурудан көп адам көз жұма бастады. Медицина саласының деңгейі айтарлықтай жоғары Еуропада қайтыс болғандар көрсеткіші шамамен 10-15%-ті құрады. Бірақ екі айдан кейін адам өлімінің көрсеткіші төмендеп, қазір 2% деңгейінде тұр.

Sputnik агенттігіне берген сұхбатында профессор Альтштейн ресейлік ғалымдардың ең бірінші болып вакцина әзірлеуіне не ықпал еткенін айтып берді.

"Менің әріптестерімнің осыған ұқсас вакцина әзірлеу бойынша үлкен тәжірибесі болды. Коронавирус пайда болғанға дейін бірнеше жыл бұрын олар MERS-ке (таяушығыстық респираторлы синдром коронавирусы – ред.) қарсы вакцина әзірледі. Мұндай вакцина әзірлеудің барлық принципі қолда бар болатын. Олар оны аденовирусты вектор көмегімен дайындады. Сөйтіп қандай ақуызды, генді, мөлшерді аденовирусқа орнатуға болатынын дәл есептеді. Вакцинаға айналатын аденовирусты қалай әзірлеу керектігін және қандай мөлшерде, қандай ретпен егу керек екенін дұрыс бағалай алды. Нәтижесінде жақсы вакцина пайда болды", - дейді Анатоий Альтштейн.

Оқи отырыңыз: Байқошқарова коронавирусқа қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер ететінін айтты

Ол осы ауруға тікелей қатысты болған қытайлардың көп көмегі тигенін атап өтті. Қытайда вирусология айтарлықтай жақсы дамыған. Олар диагностика әдістерін анықтап, осы вирустың генетикалық реттілігін бірінші болып жариялады. Ол реттілікте осы вирустың генетикалық материалы құралған 30 мыңға жуық нуклеотид бар. Бұл бүкіл әлем үшін үлкен жетістік болды.

Осы мәлімет ресейлік вирусологтардың да кәдесіне жарап, олар бірден вакцина әзірлеу бойынша жұмысқа кірісіп кетті. 2020 жылдың тамызына қарай бірінші және екінші клиникалық сынақ өткізіліп, вакцинаны тіркеді.

"Басқа препараттармен салыстырғанда Sputnik V-ның маңызды артықшылығы – ол тиісті үш клиникалық сынақтан өтті. Үшінші кезеңді өткізу аса қиын болып саналады. Себебі ол сынақ үшін он мыңға жуық адам қажет және олардың арасында міндетті түрде плацебо тобы болады. Сондықтан ауқымды плацебо тобы, яғни вакцина емес, басқа препарат салынған немесе мүлде екпе жасалмаған адамдардың деректерін алып вакциналанған адамдардың ауру нәтижелерін салыстырасыз. Бұл үшінші кезең. Осыдан кейін ғана бұл вакцина тиімді деп айта аласыз. Және қаншалықты тиімді екенін айта аласыз", - деп түсіндірді вирусолог.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі

Анатолий Альтштейн Sputnik V әлемде анықталып жатқан штаммдарға төтеп бере алады деп есептейді. Қазір британдық штамм кең таралуы мүмкін. Себебі ол адамнан адамға жұғуға жақсы бейімделген. 

Вирусолог кейбір ұлт пен нәсілдер коронавирус инфекциясын көп жұқтырса, кейбірі тіпті аз ауыратыны туралы әңгіме ақылға қонымсыз деп санайды. Алайда Орталық Азияда ауру жұқтырғандар және қайтыс болғандар саны айтарлықтай төмен. Бірақ вакциналауға қатысты жағдай мүшкіл. Украинада ауру жұқтыру дәл Ресейдегідей сипатта өтіп жатыр. "Адамдар арасында айырмашылық бар, ал кейбір ұлттардың ауруды аз жұқтыратынына қатысты нақты мәлімет жоқ" дейді ол. 

Профессор Альтштейн ағзасында антиденелер деңгейі жоғары екпе салдырған азаматтар не себепті қолғап пен бетперде киюі керек екені туралы айтты. Оның екі себебі бар. Біріншісі – вакциналау енді басталды, адамдардың басым бөлігі әлі екпе салдырған жоқ.

"Бұл вакцина алған адамдарда да вирусты инфекция болуы мүмкін екенін білдіреді. Бірақ вакцина олардың қатты ауырмайтынына және коронавирустан көз жұмбайтынына кепілдік береді деуге болады. Алайда олар вирус таратуы мүмкін. Бірақ мұндай мүмкіндік мейлінше төмен, - деп түсіндірді сарапшы.

"Екінші себебі – вакцина алған адамдарға "бетпердесіз жүруге болады" деген артықшылық беруге болмайды. Онда ешкім эпидемиологиялық нормаларды сақтамайды. Адамдар екпе салдырдым деп мәлімдеп, бетперде тақпай қоюы мүмкін", - деді ол.    

Анатолий Альтштейннің айтуынша, қазір әлемде коронавирустың ауқымды үшінші толқыны жүріп жатыр және ол көрсеткіштері бойынша екінші толқынға жақындап қалды. Қазір Ресейде бұл ауру жұқтыруға қатысты жағдай біршама бәсеңдеді. Бірақ бұл үшінші емес, сонау қыркүйекте басталған екінші толқынның беті қайтуы.

"Бұл бізде жеткілікті деңгейде ұжымдық иммунитет бар және үшінші толқын болмайды дегенді білдірмейді. Ресей халқының 5%-іне екпе салынды. Біз вакциналауда әлем бойынша бірінші орында тұрған жоқпыз. АҚШ-та вакциналауға байланысты жағдай бізге қарағанда жақсы болса, Еуропада әлдеқайда нашар", - деп санайды Гамалея институтының профессоры.

"Екпе салдырудан қорқатындарға таңғаламын. Ине тым жіңішке, вакцина материалы тітіркендірмейді, маса шаққанмен бірдей. Адамдар масаның шағуынан қорықпайды емес пе? Екпенің кері әсері де белгілі – бірнеше сағат бойы дене қызуы көтерілуі мүмкін", - деп атап өтті профессор Альтштейн.

Жаңалықтар
0