17:11 09 Мамыр 2021
Тікелей эфир
  • USD426.99
  • EUR514.35
  • RUB5.72
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1530 0 0

Алматыда медициналық қалдықты жоюға мүмкіндік беретін және мәйітті өртеуге арналған крематорий құрылысы басталды. Нысан күніне 1,5-1,7 тонна қалдықты жоюға қауқарлы болмақ

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Күзде Алматыда крематорий ашылады. Ол жерде коронавирус пандемиясы салдарынан көбейген қалдықтар жойылады, сондай-ақ қазақстандықтардың қалауы бойынша қайтыс болған адамның денесін кремациялауға, яғни өртеуге болады. Елімізде крематорий салу туралы әңгіме бірнеше жылдан бері айтылып жүрген еді.

Крематорий салуға қала маңындағы зиратта орынның аз болуы себеп болды ма? Әлде басымдық биологиялық қалдықтарды жоюға беріле ме? Sputnik Қазақстан тілшісі осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қалдықты кәдеге жаратады

Крематорий Алатау ауданында екінші жылу энергия орталығы маңында патологоанотомиялық бюро жанынан салынып жатыр. Оның ішінде 2 кремация пеші, тиеу жабдықтары, күлді өңдеу жабдықтары, кремация желісінің жұмысын басқару жүйесі болады.

Нысан жұмысына жауапты Жайлы қалалық орта басқармасының ақпаратына сүйенсек, пандемия кезінде медициналық маска, костюм, пакет, таңғыш, шприц, ПТР тестілеу құралдары және осы сияқты аса қауіпті биологиялық қалдықтардың көп мөлшері пайда болды. Крематорий ішінде оларды кәдеге жаратуға болады.

Алматыда салынып жатқан крематорий
© Photo : Алматының жайлы қалалық орта басқармасы
Алматыда салынып жатқан крематорий

"Қалдықтарды кәдеге жарату үшін оларды арнайы пештерде жағу қажет. Соған байланысты аса қауіпті биологиялық және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату үшін жоғары технологиялық пештері бар крематорий салу туралы шешім қабылданды", - дейді басқарма мамандары.

Бұған дейін басқарма басшысы Сапар Нұрашев пандемия кезінде Алматыда бірнеше шетел азаматының коронавирустан қайтыс болғанын, ал олардың туыстары кремация жасауды сұрағанын айтты. Себебі күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде шетелге мәйітті жіберу қиындаған. Сол жағдайды және қазақстандықтардың діни ерекшеліктері мен қажеттілігі ескеріліп, нысан ішінде адамды кремациялайтын пеш қою шешімі қабылданған. Енді бір ғимаратта аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болған мәйіттерді зерттеуге және оларды кремациялауға мүмкіндік туады.

Зиратта орын аз ба?

Қазір кремация жасатқысы келген қазақстандықтар мәйітті шетелге жібереді. Кейінгі жылдары мегаполисте кремация жасауға сұраныс артқан. Мұны Алматы қаласы "Салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты" кәсіпорны директорының орынбасары Марат Ысмайылов айтты. Алайда бұл арнаулы комбинат мәйітті шетелге шығарумен айналыспайды, қаладағы барлық зиратта көр қазу, адамды жерлеу ісін жүргізеді. Қазір қала ішінде орталық апта сайын 300-ге жуық адамды жерлеп отыр.

Оның сөзінше, Алматы зираттарында бос орын күн сайын азайып жатыр. Сондықтан қалада тағы екі жаңа зират ашылмақ. Бірі "Думан" ықшам ауданында орналасқан, екіншісі - Наурызбай ауданында. Бәрін қосқанда қалада жалпы 71 зират бар. Олардың жалпы аумағы – 904 гектар.

Марқұмды жерлеу бойынша қызмет көрсететін мекеме өкілі зираттағы орынның азаю мәселесін шешу үшін крематорий емес, жаңа зират ашу керек екенін айтты.

"Бос тұрған зират жоқ. Екі зиратта ғана жер бар. "Кеңсай-2" зиратында шамамен 4,5 гектар жер бос тұр. "Батыс" зиратқа 2-3 жыл бұрын 60 гектар жер қосылған. Қарасай, Талғар, Іле ауданынан қосылған зираттар бар, оның өзі ескі зират. Ал қала ішінде 1900 жылдары ашылған зираттар толып кеткен. Орталық зират 1932 жылы ашылған, ол жерде тек туысының қабірінің жанына немесе сол қабірге жерлеуге ғана болады", - деді Марат Ысмайылов.

Зиратта бір адамды жерлеуге кемiнде 6 шаршы метр жер керек. Ол мемлекеттен тегін бөлінеді. Ысмайыловтың айтуынша, колумбарийде (кремациядан кейін мәйіт сүйегінің күлі сақталатын орын) бір шаршы метрге 60-тан аса адамның күлі сыяды. Оның сөзінше, крематорий биоқалдықтар мен туысы не кім екені анықталмаған адамға кремация жасау үшін қажет.

"Қалада туысы, ешкімі жоқ адамды жерлеу деген бар. Оларды мемлекет өз қаржысына жерлейді. Оған жыл сайын тендер жарияланады. Аты-жөні белгісіз, туыстары жоқ адамдарды жерлейміз. Қазірдің өзінде аптасына шамамен туысы жоқ 7 адам жерленеді. Оларды "еуропа өңді ер адам","азия өңді ер адам" деп жазып жерлейді. Соларды кремациялауға болар еді", - дейді ол.

"Себебі адамның денесін жерге көмеміз, минералдану кезеңінің өтуіне ең аз дегенде 40 жыл керек. Ал крематорийда көп болса 3 сағат кетеді. 3 сағат ішінде мінсіз тазартылып, зияны жоқ қалдық шығады", - дейді ол.

"Мәйітті өртеу оны азаптаумен бірдей"

Ислам діні адам денесін өртеуге түбегейлі қарсы. Мұсылмандар бақилық болған адамды арулап жерге көмеді. Мәйітті өртеу оны азаптап, қорлаумен тең, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.

"Ислам шариғатында мұсылмандардың мүрдесін кремация (өртеу) арқылы жерлеуге болмайды. Бұл – адамзат жаратылысының ардақтылығына қайшы келетін іс. Жаратқан иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен", - деді ол.

Оның сөзінше, исламдық жерлеу рәсімі қай қырынан алса та тиімді. Мұсылмандар қайтыс болған адамның қабірін де баспайды.

"Мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керек екеніне бірауыздан келіскен. Ал мәйітті өртеу оны қорлау, азаптау болып саналады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген. Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған. Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе оның денесін жер қойнауына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат", - дейді ол.

Қазақстан Православ шіркеуі мен қоғам арасындағы қарым-қатынас бөлімінің төрағасы Александр Суворов адамның денесін өртеу православ шіркеуінің де дәстүріне жат әрекет екенін айтты. Алайда адамның қалай жерленгені оның жұмаққа түсу-түспеуіне еш әсер етпейді.

"Біріншіден, бізде азаматтық қоғам. Діни бірлестіктер қоғам өміріне емес, тек өз мүшелерінің өміріне қатысты пікір білдіре алады. Біз Конституция бойынша зайырлы елміз. Егер біреу крематорий салу керек десе, оны сала берсін. Бірақ қайтыс болғандардың денесін өртеу православ шіркеуінің дәстүріне жат дүние", - дейді Александр Суворов.

Оның сөзінше, кремация мен мәйітті жерлеу арасында таңдау жасауға мүмкіндік болса, православтар екіншісін қолдайды.

"Алайда мәйітті өртеу қайтыс болған адам жұмақтан қағылады дегенді білдірмейді. Тек мәйітті өртеу православ шіркеуінің дәстүріне жат. Егер таңдау болса, православтар классикалық жерлеуді қолдайды", - деді Суворов.

Зират орнына саябақ салуға болады

Қазір Алматыда қала халқы да, зираттардағы орын саны да көбейіп келеді. Кремация салу Алматы келешекте "зираттар қаласына" айналып кете ме деген қорқыныштан туған дайындық деген көзқарас та бар. Дегенмен қалада зират көбейіп кетсе де, толып қалған моланы жауып, біраз жыл өткен соң орнына саябақ салуға болады.

"Зират толып кеткен соң ол жерге адам жерлеуді тоқтатамыз. Содан 40 жыл өтуі керек. 40 жыл өткен соң тастарды, қоршауды алып тастап, рекультивация (жерді қайта құнарландыру) жасап, саябақ салуға болады. Ол жерде жерленген адамның туыстарынан рұқсат алынбайды", - дейді Алматы қаласы "Салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты" компаниясы директорының орынбасары Марат Ысмайылов.

Заң бойынша зират салынатын жер мен оның жалпы аумағы келешекте орнына саябақ немесе бақ салуға арнап таңдалады. Мола жабылғаннан кейін аумағынан құлпытас пен қоршаулар көшіріледі. Содан 20 жыл өткен соң ғана ол жерге ағаш егуге болады. Демек, зират орнында болашақта саябақ, гүлзар, өзге де нысандар бой көтереді.

Алайда жерді қайта құнарландыру мақсатында жұмыстар жүргізу үшін адам денесінің топырақта қанша жыл ішінде шіріп кететінін білу маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдеуінше, матамен оралған мәйіттің ет пен сүйегі бір-бірінен ажырап, ыдырайды, жерге тез сіңеді. Бұл түрлі аурудың таралуына жол бермейді.

"Мәйіт сүйегі қабірде әбден шіріп жоқ болды-ау дегенге дейін қабірді ашуға тыйым салынады. Мәйiттің сүйегі шiрiп, жоқ болғанға дейін орнына басқа мәйітті жерлеуге рұқсат етілмейді. Егер зират толып, қорымдағы соңғы жерленген мәйіттің сүйегі шіріп жоқ болса, зиратқа қайта мәйітті жерлеуге болады. Сүйектің шіру мерзімі жерге байланысты әртүрлі болуы мүмкін", - дейді шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.

Ал қазірдің өзі Алматыда қала тұрғындарының күнделікті демалатын орнына айналған біраз жерде бұрын зират болған. Марат Ысмайыловтың сөзінше, 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы, Family Park, Мұқанов пен Төле би көшелерінің қиылысындағы гүлзар, Мүсірепов атындағы академиялық театр зират орнында тұр. Қазіргі Абылай хан атындағы көше бұрын Старокладбищенск деп аталғаны да белгілі.

Медициналық қалдықтар жерге көміліп жатыр

Крематорий салынса, қауіпті инфекциямен күресте қолданылған қалдықтарды жылдам жою мүмкіндігі пайда болады. Себебі қазір биологиялық қалдықтарды жерге көміп жатыр. Ал былтырдан бері оның көлемі артқаны анық.

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, медициналық қалдықтар "А", "Б", "В"; "Г", "Д"  деп бес топқа бөлінеді:

  •  "А" тобы – коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардан құрамы бойынша ерекшеленбейтін, қауіпті қасиеті жоқ қалдықтар.
  • •"Б" тобы – эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар. Қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар тиген материалдар және аспаптар, заттар, органикалық операциялық қалдықтар (ағзалар, тіндер). Инфекциялық бөлімшелердің тамақ қалдықтары.
  •  "В" тобы – төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар. Оған аса қауіпті және инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға қолданылған, ел арасында төтенше жағдайдың пайда болуына әкелуі мүмкін материалдар.
  • "Г" тобы – пайдаланылмайтын дәрілер, оның ішінде цитостатиктер, диагностикалық, дезинфекциялау құралдары. Құрамында сынап бар заттар, аспаптар мен жабдықтар.
  • "Д" тобы – радиоактивті медициналық қалдықтар.

"Тамақ қалдықтарын, "Б" тобының залалсыздандырылған медициналық қалдықтарын 24 сағаттан көп уақыт тоңазытқыштарда және мұздату камераларында сақтауға рұқсат берілген. Алайда 3 тәуліктен көп сақтауға болмайды. Сонымен қатар "Б" сыныбының биологиялық медициналық қалдықтары +5 градустан жоғары емес температурада сақталады", - деп түсіндірді мамандар.

Медицина ұйымдары мамандандырылған ұйымдармен арадағы келісімшарт бойынша қалдықтарды утилизацияға жолдап отырады. "Салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты" ЖШС биоқалдықтарды жоюмен де айналысады. Марат Ысмайыловтың сөзінше, мекеме жыл сайын аумағы 2х2,5 шаршы метр болатын 350-400 шұңқырға қала емханаларынан шыққан медициналық қалдықты көмеді. Әр шұңқырға 70 келі биоқалдық көміледі. Көму кезінде целлофан қолданылмайды. Арнайы ыдыс шамамен 40 жылдан кейін медициналық қалдықпен бірге шіріп кетеді.

Ал Алматы қаласы экология департаменті экологиялық зерттеу бөлімінің басшысы Еркін Жұмағалиев медициналық қалдықтарды жерге көмуге болмайтынын айтты.

"Біріншіден, биоқалдықтарды жай полигондарға көмуге болмайды. Екіншіден, қалдықтар міндетті түрде утилизациядан өтуі керек. Оны жасайтын арнаулы орындар бар. Медициналық қалдықтарды жерге көмуге болмайды", - деді Жұмағалиев.

Алматыда салынып жатқан крематорий күзде пайдалануға беріледі
© Photo : Алматының жайлы қалалық орта басқармасы
Алматыда салынып жатқан крематорий күзде пайдалануға беріледі

Қаладағы крематорий құрылысы күзде аяқталады. Нысанның жобалау-сметалық құжаттарына сәйкес крематорий күніне 1,5 -1,7 тонна қалдықты жоюға қауқарлы болмақ. Демек жыл сайын жерге көміліп жатқан биоқалдықтар енді осы жерде жойылады.

Ал қазақстандықтардың кремация жасау үшін нысанға қаншалықты жиі жүгінетіні болашақ еншісіндегі сұрақ.

P.S. Алматыда 2017 жылы зираттарға 7 448 адам жерленген. 2018 жылы – 7 920 адам, 2019 жылы – 9 500 адам жерленді. Ал 2020 жыл мен 2021 жылдың 4 айында қалада қанша адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Кілт сөздер:
мәйіт, зират
Загрузка...

Басты тақырып