09:59 11 Мамыр 2021
Тікелей эфир
  • USD426.99
  • EUR514.35
  • RUB5.72
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
COVID-ке қарсы вакцина (195)
1218 0 0

Ерлі-зайыптылар екпені бір мезетте салдырғанымен, Талғаттың келіншегі мен ұлы ауырмаған. Ал ПТР-тест тапсырғанда қызы екеуінде оң нәтиже көрсеткен

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстанда ақпан айынан бері вакциналау шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда екпе алғаннан кейін коронавирус жұқтырған жағдайлар да жоқ емес. Мамандар осы мәселенің негізгі себебі сақтық шараларын сақтамау деп отыр. Вакцина салдырған соң, біршама уақыт өтуі керек. Сол кезде вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан қаласында вакцинадан кейін коронавирус жұқтырған адамды тауып, инфекцияны қалай жұқтырғанын білді. Бірақ ол өзінің атын-жөнін көрсетпеуді сұрады.  

Ресейлік вакцинадан басқа ештеңе болмады

Астаналық Талғат Әбілмансұров вакцинаға дейін коронавируспен ауырмаған. Былтыр бір рет қана тұмауратып қалды. Соның өзінде көп ауырған жоқ. Коронавирустың белгілері де байқалмады. Соған қарамастан, ол вакцина салдыруға шешім қабылдады.

"Негізі, мен вакцина салдырғанға дейін біраз ойландым. "Коронавируспен ауырып шықсам, иммунитет болады ғой" деген ой да болды. Ал вакцина салдырғаннан антиденелер бөлініп, иммунитет қалыптасқанға дейін бәрібір сақтық шараларын ұстау қажет. Оған дейін инфекцияны жұқтыру қаупі сақтала береді", – дейді Әбілмансұров.

Талғат вакцинаның көбірек болғанын қалады. Сонда таңдау мүмкіндігі болады. Бірақ ол кезде емханаларда ресейлік "Спутник V"-ді ғана салған.

"Осы вакцина туралы толық ақпарат шыққаннан кейін сенім пайда болды. Мен шетелдік басылымдарды да оқып шықтым. Ол жерде екпенің тексерістен өткені туралы жазылды.

Pfizer, Moderna сияқты вакциналарды да зерттедім. Бірақ ол екпелердің әлі келмейтіні белгілі. Ал уақыт өтіп барады. Оған қоса, коронавирустың неше түрлі мутациялары шыға бастады. Демек, екпе салдырмасаң, инфекцияны жұқтыру қаупі күшейе береді. Сөйтіп, ресейлік вакцинаны салдыруға бардым", – деп атап көрсетті Әбілмансұров.

Коронавирустың симптомдары шыға бастады

Талғат туған-туыстарына да үлгі болуды көздеді. Сөйтіп, олардың көзқарасын өзгертуге тырысып, вакцинаның екінші дозасын алған соң, коронавируспен өзі ауырып қалды.

"Мен ауырып қалғанымды жасырған жоқпын. Бәрін ашық айттым. Негізі, вакцинаның бірден көмектеспейтіні белгілі ғой. Алдымен бірінші дозасын алу керек. Сол кезде дәрігерлер ағзаның реакциясын байқайды. Ал үш аптадан кейін екінші дозасы салынады. Иммунитет болса, екі айдың ішінде қалыптасады. Демек, вакцинаның бірінші дозасынан кейін вирусты жұқтыру қаупі қала береді", – деді Әбілмансұров.

Оқи отырыңыз: Ораза кезінде вакцина салдыруға бола ма – дәрігерлер кеңес берді

Ол вакцинаның екінші дозасын келіншегімен бірге салдырған. Сол кезде кішкентай қызы тұмауратып жүрген. Бірақ ата-анасы мән бермеді. Артынан ПТР-тестпен инфекцияның бар екені расталды. Ал екі күннен кейін Талғатта коронавирустың симптомдары шыға бастады.

"Біз вакцинаның екінші дозасын сәрсенбі күні салдырдық. Бір күн бұрын кішкентай қызымыздың дене қызуы көтеріліп тұрған. Бейсенбі күні бәрі жақсы болған сияқты еді. Ал жұма күні менде коронавирустың белгілері пайда болды. Өзімді әлсіз сезіне бастадым. Артынан иіс сезу қабілеті жоғалды. Демек, мен вакцина алғанға дейін коронавирусты үйде жұқтырдым, я болмаса, екпеге барғанда ауырып қалдым", – дейді Әбілмансұров.

Иммунитетіміз екі есе мықты болады...

Талғаттың дене қызуы екі күн бойы түспей тұрған. Ал келесі күні иіс сезбей қалды. Дегенмен, бес күннің ішінде жазылып шықты.

"Мен қатты емделген жоқпын. Әдеттегідей сұйықтықты көп іштім. Қанды сұйылту үшін аспириннің бір таблеткасын төртке бөліп қабылдадым. Сонымен қатар дәрумендер іштім. Басқа ештеңе істеген жоқпын. Төртінші күні парацетамол ішіп алдым да, ертеңінде дене қызуым басылды. Өзімді жақсы сезіне бастадым. Бесінші күні иіс сезу қалпына келді", – деп еске алады Әбілмансұров.

Талғат отбасымен бірге оқшауланған болған. Қазір дәрігерлер далаға шығуға рұқсат берді.

"Бір қызығы, бәріміз бір үйде отырдық. Бірақ менімен бірге вакцина салдырған келіншегім ауырған жоқ. Ұлым да коронавирусты жұқтырмады. Олар ПТР-тест тапсырған, ештеңе шықпады. Ал қызым екеуміздікі оң нәтиже көрсетті. Осылайша, вакцина да алдым, коронавируспен де ауырып шықтым. Енді, иммунитетім екі есе мықты болатын шығар (күлді)", – дейді Талғат.

Айта кетейік, 1 ақпанда республика бойынша ресейлік "Спутник V" вакцинасын ерікті түрде егу шаралары басталды. Ал бүгіннен бастап қазақстандық "QazVac" (бұрынғы атауы – QazCovid-in) екпесі денсаулық сақтау ұйымдарына түсті. Алексей Цой отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырды.

Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (195)

Тақырып бойынша

Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі
Қазақстанда балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салынуы мүмкін бе
Вакцина салдырғаннан кейін екпе куәлігін ашып көрген елорда тұрғыны аң-таң болды
Вакцина салдырған соң бала көтеруге бола ма – дәрігерлер не дейді
QazVac салына бастайды: қазақстандықтар отандық вакцина туралы не білуге тиіс
Нұр-Сұлтанда тағы екі сауда орталығында вакцина егу пункті ашылды
Кілт сөздер:
вакцина, екпе
Загрузка...

Басты тақырып