Қоғам

Назарбаев пен Исекешев ұлттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

© Photo : ElbasyАсет Исекешев и Нурсултан Назарбаев
Асет Исекешев и Нурсултан Назарбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.04.2021
Жазылу
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Исекешев Назарбаевқа Душанбеде өтетін ҰҚШҰ қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысына дайындық туралы да айтты

АЛМАТЫ, 23 сәуір – Sputnik. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес хатшысы Әсет Исекешевпен 2025 жылға дейінгі ұлттық қауіпсіздік стратегиясын талқылады, деп хабарлады Elbasy сайты.

Исекешев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің 2030 жылға дейінгі Қарулы күштерді құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланатын кезекті отырысқа дайындық барысы сөз болды.

"Ұлттық қауіпсіздіктің барлық аспектісі, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі және құқық қорғау жүйесінің жұмысы бойынша талдауды одан әрі де жүргізе беру қажет. Қауіпсіздік кеңесінің келесі отырысында Қарулы күшті дамыту мәселесі талқыланады. Кеңес отырысына сапалы дайындық жүргізу қажет", – деді Қазақстанның тұңғыш президенті.

Сонымен қатар кездесу барысында азаматтар мен бизнестің құқығын қорғауды күшейту, учаскелік полиция инспекторларының рөлін арттыру, құқық қорғау жүйесін реформалау, киберқауіпсіздік және ақпараттық кеңістікті қорғау саласында қабылданып жатқан іс-қимыл талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев су тасқыны және селден қорғау, өртке қарсы қауіпсіздік секілді өзекті мәселелерге, пандемиядан кейінгі кезеңде ұлттық экономиканы одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы құқық қорғау жүйесін кезең-кезеңімен реформалаудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады. Исекешевтің айтуынша, негізгі процессуалдық шешімдерді прокурормен келісу институтын енгізу қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқығын бұзу санын үш есе азайтуға және негізсіз қамауға алынған адамдардың санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді.

"Осы жылы қылмыс деңгейін төмендету үрдісі сақталады. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 13,3%-ке қысқарды", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Адамдар арасындағы сенімсіздік күшейді": Назарбаев бейнеүндеу жасады

Исекешев 28-29 сәуірде Душанбеде өтетін ҰҚШҰ қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысына дайындық туралы хабарлады. Ол жерде өңірлік қауіпсіздік, терроризмге және есірткі қылмысына қарсы күрестің өзекті мәселелері, өзара іс-қимылдың басқа да аспектілері талқыланады.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына бірқатар нақты тапсырма берді.

Жаңалықтар
0