Қоғам

"Болашақ" бағдарламасының биылғы талаптары қандай – орталық басшысы түсіндірді

© Photo : АО "Центр международных программ"Айнур Карбозова
Айнур Карбозова - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2021
Жазылу
4 мамырдан бастап үміткерлер барлық құжатты электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір — Sputnik. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Айнұр Кәрібозова стипендияға құжат қабылдау және конкурстық іріктеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"4 мамырдан бастап үміткерлер барлық құжатты электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады. Ал конкурстық іріктеуге жолдама алғаннан кейін арнайы порталда ашылған жеке кабинеттің кілті беріледі. Сол жерде әрбір үміткер жеке деректерін көрсетпей, жеке-дара идентификациялық кодпен барлық іріктеуден өтеді", - деді Кәрібозова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде іріктеу үш кезеңнен тұрады. Олар: кешенді тестілеу, тәуелсіз комиссиямен жеке сұхбат және республикалық комиссияның отырысы.

"Бірінші кезеңнің жаңашылдығы мынада, біріншіден, кешенді тестілеу толығымен онлайн порталда өтеді. Мазмұндық тұрғыда бұрынғыдай пәндік сұрақтар болмайды. Кешенді тестілеу вербалдық, сандық және психологиялық дағдыларын айқындайтын үш бөлімнен тұрады. Тест кезінде аудио және видео фиксация жүргізіледі", - деп атап көрсетті Кәрібозова.

Үміткер басқа бір ақпарат көзінен жауап іздеуге талпынса, анти-читинг бағдарламасы оны бірден анықтайды. Соның арқасында онлайн іріктеудің әділдігі пен ашықтығы болады.

Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясына құжат қабылдау мамырда басталады

"Кешенді тестілеуден өткен үміткерлер тәуелсіз сараптама комиссиясының жеке сұхбатына шақырылады. Осы сынақ та онлайн режимде өтеді. Әрбір үміткер жеке кабинетінде өзіне ыңғайлы уақытты және күнді таңдайды, сол күні онлайн сұхбат ұйымдастырылады. Комиссия мүшелері оны көрмейді, жеке деректерін де білмейді. Қойылатын сұрақтардың нақты тәртібі бар", - деді орталық басшысы.

Ал үшінші кезеңде республикалық комиссия іріктеуден өткен үміткерлердің құжаттарын қарап, өз шешімін шығарады.

Айта кетейік, жақында республикалық комиссия 2021 жылдың басымды мамандықтарының тізімін бекітті. "Болашақ" стипендиясы тағайындау барысында осы тізім негізге алынады.  Биыл оған жаңа мамандықтар да енді.  Мәселен, вирусология, робототехника, сондай-ақ, жасампаз экономикаға қатысты мамандықтар бар. Бұдан бөлек, биотехнологтар, биологтар мен вакцинация саласындағы мамандарға ерекше көңіл бөлініп отыр.  Биылғы бағдарламаның тағы бір ерекшелігі бар. Оған "Инновациялар мен жаңа технологиялар" бөлімі енгізілді. 

Жаңалықтар
0