НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір — Sputnik. Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақтағы мерзімі кезекті рет ұзартылды. Сот отырысы 21 сәуірде Нұр-Сұлтанда өтті.
"Үйде ұстау мерзімі 14 мамырға дейін ұзартылды. Алайда белгілі бір уақытта үйден шығу мүмкіндігі берілді", - деп мәлімдеді Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко.
Яғни экс-министр сағат 8:00-ден 19:00 аралығында сыртқа шыға алады. Дегенмен заңгер үйқамақ мерзімін созуға еш негіз жоқ деп санайды.
"Еш негіз болмаса да тағы 2 аптаға үйде ұстау мерзімін ұзартты", - деді ол.
Елжан Біртанов ісі
Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті (бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды). Бұл денсаулық жағдайына байланысты қабылданған шешім деп хабарланды, себебі шенеунік коронавирус инфекциясын жұқтырған еді.
Экс-министрдің ұсталғаны туралы 3 қарашада белгілі болды. Біртановқа аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. 2020 жылдың қарашасында Дмитрий Куряченко бұрынғы министр үй қамауында екенін мәлімдеді. 2021 жылдың қаңтарында Нұр-Сұлтанның тергеу соты Елжан Біртановтың үйқамағын ақпанның соңына дейін ұзартты. Кейін бұл мерзім тағы екі рет созылды.
Денсаулық сақтау министрлігі экс-басшысының адвокаты президентке "Біртановтың заңсыз қудалануына назар аударуды" сұрап өтініш жолдағанын жеткізді. 1 сәуірде ол экс-шенеуніктің денсаулығы нашарлағанын хабарлады.
"Біртановтың кінәсіз екенін растайтын фактілер бар. Интеграцияланған денсаулық сақтау платформасын жеткізуші хорватиялық Эриксон Никола Тесла компаниясының жұмысты орындамауы төңірегінде күдікке ілінген еді. Алайда азаматтар eGov сайтында анықтаған медициналық мекемелерге тіркеу туралы жуырдағы жанжал платформаның жұмыс істеп тұрғанын растайды", - деді Куряченко.
Күні кеше әлеуметтік желіде Елжан Біртановтың сақалы өскен фотосы пайда болды. Бұған дейін оған шаштараз қызметіне жүгінуге рұқсат жоқ екені туралы ақпарат тараған еді.