НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір — Sputnik. Түркияда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Air Astana бұл елге чартерлік әуе рейстерін тоқтата тұруы мүмкін. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан тілшісіне әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір әуе тасымалдағыштар мен туристік компаниялар Түркияға рейстерді қысқарту ықтималдылығы бойынша ведомствоаралық комиссияның шешімін күтіп отыр.
Қазір Air Astana Түркияға аптасына тұрақты он рейс ұшырып жатыр.
"Түркияға чартерлік рейстерге туроператорлардан үлкен сұраныс түсіп жатыр және компанияның оны орындауға мүмкіндігі бар. Алайда Түркиядағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты чартерлік рейстер кейінге қалдырылуы мүмкін", - деді әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Түркияға 500-ден астам тур жоспарланған, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Ht.kz туристік агенттігінің директоры Максим Банин.
Оның айтуынша, әуе компанияларының кестесі бойынша тұрақты рейстер арқылы Стамбұлға немесе Анталияға ұшуға болады. Рейстер күніне бір рет орындалады.
"Қазір біз коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімін күтіп отырмыз. Егер рейстер санын қысқартса, онда біз туристер үшін қолайсыздық тудырмайтын шұғыл шаралар қабылдаймыз. Түркияға саяхаттайтын туристер саны қатты қысқарады деп ойламаймын. Бұл бағыт қазақстандық туристер арасында көп жылдан бері жоғары сұранысқа ие", - деді Максим Банин.
Банин дәл қазіргі сәтте чартерлік рейстерді тоқтату немесе уақытын ауыстыру бойынша туристік агенттіктерге ресми хат жолданбағанын айтты.
Түркияға тур сатып алғандар жайы не болады
Түркияға саяхатқа жолдама сатып алған қазақстандықтар менеджермен тұрақты байланыста болуы керек.
"Егер турды сатып алып қойған болса, ал Қазақстан мен Түркия әуе рейстерін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаса, онда екі жол бар: бірі – жоспарланған демалыс уақытын ауыстыру, екіншісі – ақшалай қаражатты депозиттеу. Яғни туристің ақшасы күйіп кетпейді, оны басқа бағыттар бойынша саяхат үшін пайдалануға болады. Егер әлі жолдама сатып алмаса, онда ресми шешімді күткен дұрыс", - деді Банин.
Ол күні кеше ғана Ресей Түркиямен арадағы әуе рейстерін 1 маусымға дейін шектегенін еске салды.
"Жақын уақытта Ресей денсаулық сақтау министрлігі түрік шипажайларындағы санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуын тексеру үшін делегация жібереді. Түрік демалыс орындары жазғы маусымның мерзімінен бұрын ашылғанын жақында ғана жариялаған болатын. Делегацияның тексерісі өз демалысын Түркияда өткізуді жоспарлаған барлық туристің қауіпсіздігіне кепілдік береді", - деп санайды Банин.
Біраз бұрын Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында Қазақстан туристер қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова Түркияға жолдамалар сату жалғасып жатқанын хабарлады. Алайда туристік агенттіктер ұшуларды шектеу бойынша нақты шешімді күтіп отыр.
Түркиядағы коронавирусқа қатысты ахуал
Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті Түркияға саяхаттауды кейінге қалдыруды сұрады. Бұл елде коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 50 мыңнан асып жатыр.
Түркия елге келушілердің қолында коронавирустың жоқ екенін растайтын ПТР-тест нәтижесі болуы туралы талаптың мерзімін 31 мамырға дейін созды.
Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпиедмиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ведомствоаралық комиссияға Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерін қысқарту туралы ұсыныс жолдағанын хабарлады.