18:34 11 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD433.15
  • EUR515.06
  • RUB5.61
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
852 0 0

2021 жылдың 5 сәуірінде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті

АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Алматылықтар Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салды. Қаламгер тұрған үйдің алдына 200-ге жуық адам жиналып, марқұмның жаназасы шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қаралы жиынға Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев қатысты.

Қаралы жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров та қатысты
© Sputnik / Тимур Батыршин
Қаралы жиынға қатысқандар арасында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев бар

Сонымен қатар қаламгердің туыстары мен ұлы Арман Қабдырашитұлы болды.

Қаламгермен қоштасу рәсімінде алғашқы сөз Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берілді. Ақын өз сөзінде Қабдеш Жұмаділовтің өткен ғасырдың екінші жартысында бір топ қазақты соңынан ертіп, атамекенге оралғанын ерекше атап өтті.

Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қабдеш Жұмаділовтің жаназасында
© Sputnik / Тимур Батыршин
Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке Қабдеш Жұмаділовтің өткен ғасырдың екінші жартысында бір топ қазақты соңынан ертіп, атамекенге оралғанын ерекше атап өтті

"Бүкіл ғұмырын еліне, жұртына арнаған, қаламының қарымын өз жұртына жұмсаған нағыз жазушы, қара қылды қақ жарған әділ адам, қажымас қайсар күрескер, ақиқат пен шындықтың жолында ғұмырын сарп еткен ұлттың абыз ақсақалы дәрежесіне көтерілген абзал ағамыз еді. (...) Шекарадан Қажытай ағам (Қажытай Ілияс – Sputnik) екеуі ғана өтіп қоймай, соңынан қаншама жүз мың адамды ілестіріп келіп, өзі "Соңғы көш" деп ат қойған көш алып келіп еді. Қазақ деген халықтың қатарын толтырып, кемістігін, олқылығын толтырып, санын көбейтіп, сапасын арттырды. 1950-60 жылдары келген қазақтың ұрпақтары керемет биіктерге, мемлекеттің туын тігіп, іргесін бекітуге, тәуелсіздіктің нығаюына еңбек сіңірді", - деді Есдәулет.

Ол сондай-ақ, Қабдеш Жұмаділовтің жазушы ретінде ерекшелігін атады.

"Ол кісінің басқа жазушылардан ерекшелігі – бір дәуірді ғана емес, бірнеше дәуірді қамтып жазды. Арғы тарихты, бергі тарих пен бүгінгі күнді жазды. Ол кісінің айқасып-шайқасып араласпаған саласы жоқ. Қазақтың құлап бара жатқан бір шаңырағын түзетсем, қисайып бара жатқан арбасын түзетсем деген үлкен ниетін іске асырып кетті. Айтқанын істеп, атқанын тигізді, дегеніне жетті деп ойлаймын. Ол кісінің жете алмағаны болса, осында тұрған ұрпақтары сіздер жеткізесіздер", - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы.

Қаралы жиында мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дауешов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту хатын хатын оқып берді.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов жиналғандарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді

"Көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Қабдеш Жұмаділұлы – қарымды шығармашылығы, қажырлы қайраткерлігімен қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан аса талантты тұлға болатын. Дарабоз дарын иесі өзінің мазмұны бай көптеген әңгімелері мен хикаяттары, кең тынысты эпикалық романдары арқылы ұлттық прозаның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қилы замандарда түрлі теперіш көрген қазақ халқының талайлы тағдыры мен тарихын, аумалы-төкпелі тұтас дәуірдің келбетін қапысыз сомдады. Оның соңында қалған кесек туындылары – әдебиетіміздің алтын қорында сақталатын шын мәніндегі құнды рухани қазына", - делінген Елбасының көңіл айту хатында.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қаламгердің Мұхтар Әуезовке ұқсас тұстарын айтып, қазақ әдебитіндегі алыптардың тұяғы деп атады.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қаламгер Қабдеш Жұмаділовті қазақ әдебитіндегі алыптардың тұяғы деп атады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қаламгердің Мұхтар Әуезовке ұқсас тұстарын айтып, Қабдеш Жұмаділовті қазақ әдебитіндегі алыптардың тұяғы деп атады

"Қазақ әдебиетіндегі алыптардың соңғы тұяқтардың бірі еді. "Соңғы көшті" жазып, соңғы абыздарымыздың бірі болды. Қаламымен де, қайратымен де ұлт үшін еңбек етті. Қазақстанның халық жазушысы деген атақты алған екі-ақ қаламгер қалған еді. Оның ішінде бір ғана жазушы бар еді... Біз Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты көрген жоқпыз. Ал сол Мұхтар Әуезовтің өзіндей, өзі болмаса да көзіндей, артына тастап кеткен сөзіндей, тұлғасы да ұқсас Қабдеш Жұмаділовті көрдік", - деді Қазыбек Иса.

Ол сондай-ақ, елдегі эпидемиологиялық жағдай болмаса, театр ішіне сыймай асыл ағамен қоштасар едік деп өкінішін жеткізді.

Айта кетейік, 2021 жылдың 5 сәуірінде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Марқұмның сүйегі өзінің аманаты бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты – Аягөз тас жолының бойындағы бейітке қойылады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Марқұмның сүйегі өзінің аманаты бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты – Аягөз тас жолының бойындағы бейітке қойылады

Саналы ғұмырын әдебиет пен қазақ тіліне арнаған қаламгер 11 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме жазған.

Қабдеш Жұмаділовке 1998 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді. 1990 жылы "Тағдыр" романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді.

Марқұмның сүйегі өзінің өсиеті бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты – Аягөз тас жолының бойындағы бейітке қойылады.

Тақырып бойынша

Назарбаев "өзі түк бітірмей, тек талап ететін" зиялы қауымды сынап тастады
Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов қайтыс болды
"Мен ұлтшылмын": Қабдеш Жұмаділов неге таяқ жегені және кімдерді жек көретіні жайлы
Елбасы зиялы қауымды патриоттық тақырыбын жандандыруға шақырды
Тоқаев Қабдеш Жұмаділовтің отбасына көңіл айтты
"Шыбынша қырыла беруге болмайды": зиялы қауым өкілдері үндеу жасады
Қабдеш Жұмаділов 83 жаста: шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы
Кілт сөздер:
жаназа, Қабдеш Жұмаділов
Загрузка...

Басты тақырып