Қоғам

"Спутник V" оңтүстікафрикалық штаммнан қаншалықты қорғайды - маман пікірі

© Sputnik / Владислав Воднев Карагандинский фармацевтический комплекс (КФК)
 Карагандинский фармацевтический комплекс (КФК) - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2021
Жазылу
Коронавирустың оңтүстікафрикалық штаммына қарсы "Спутник V" вакцинасының тиімсіздігі туралы америкалық ғалымдардың қорытындысы жоққа шығарылды

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір - Sputnik. "Спутник V" вакцинасының коронавирустың оңтүстікафрикалық штаммына қарсы әлсіздігі туралы америкалық ғалымдардың қорытындысы негізсіз. Ресейлік екпе бұл штаммнан Pfizer-ге қарағанда жақсы қорғайды. Бұл жөнінде РИА Новости агенттігі Гамалея атындағы орталыққа жақын ақпарат көзіне сүйене отырып хабарлады.

Америкалық ғалымдар тобы MedRxiv сайтында зерттеудің алдын ала қорытындысын жариялады. Онда ресейлік "Спутник V" вакцинасының басқа штаммдармен салыстырғанда оңтүстікафрикалық штаммға қарсы тиімділік деңгейі төмен екені жазылды.

"Ғалымдардың талқыға түскен бұл еңбегі әлі рецензиялау процесінен өткен жоқ. Бұл – препринт, яғни соңғы нұсқа мүлде басқа мазмұнда болуы мүмкін. Сонымен қатар мақала авторларының бірі коронавирус бойынша Pfizer/BioNtech консультациялық кеңесінің қатысушы екені белгілі болды. Ендеше мұнда мүдделер қайшылығы бар", - деді агенттікке ақпарат ұсынған азамат.

"Қалай болғанда да "Спутник V" түрлі штаммдарға қарсы вирусты бейтараптандыру белсенділігі жағынан жоғары тиімділікті көрсетті. "Оңтүстікафрикалық" штаммға қарсы төзімділігі Pfizer вакцинасымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары", - деді сұқбат беруші.

Ол қазіргі уақытта Еуропада едәуір көп таралып жатқан "британдық" штаммға қатысты бейтараптандыру белсенділігінің төмендеуі мүлде тіркелмегенін айтты.

"SARS-Cov-2 тірі коронавирусы емес, везикулярлы стоматиттің суррогат вирусы қолданылған қосымша тест кезінде ғана препринт авторлары "оңтүстікафрикалық" штаммға қарсы ресейлік препараттың "дәрменсіздігін" байқаған", - деп пікір білдірді ол.

Агенттікке ақпарат ұсынған тұлға суррогат тест мәліметтерін шынайы вирусқа қатысты зерттеуге жатқызуға және қосымша көрсеткіштер бойынша қорытындыны негіз етуге болмайтынын мәлімдеді. Ол Pfizer кеңесшілері дәл осы тест бойынша Pfizer вакцинасының нәтижесін ұсынбауы да күдік тудыратынын алға тартты.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда анықталған коронавирустың штаммдары қаншалықты қауіпті – министр жауабы

"Мұның кездейсоқтық екеніне сену қиын. Жалпы мақала авторларына алғыс айтқым келеді. Олардың тәуелсіз жоғары бағасы "Спутник V" вакцинасының тиімділігі мен бұған дейін жарияланған мәліметтердің сенімділігін кезекті рет дәлелдеді",  - деп қорытындылады ол.

"Спутник V" вакцинасы жалпы саны 1,5 миллиард адамнан асатын 59 елде тіркелді. Оның тиімділігі 91,6%-ті құрайды.

Вакцина жақсы зерттелген және сенімді платформада әзірленген. Бұл – адамның аденовирустық векторларының платформасы. Ол вакциналау кезінде екі түрлі векторды қолдануды қарастырады.

Гамалея атындағы орталықтың зерттеулерінің нәтижесі 2021 жылдың мамырында ғылыми журналда жарияланады. Бұл зерттеулер америкалықтар қолданған 12 адамнан да көп еріктілер санына негізделеді.

Жаңалықтар
0