Қоғам

COVID-19: Алматыда 500-ге жуық адам ауыр жағдайда жатыр

© Sputnik / Владимир Смирнов / Медиабанкке өтуМедицина қызметкерлері
Медицина қызметкерлері - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.04.2021
Жазылу
Дәрігерлер алматылықтардың қай жерде инфекцияны жиі жұқтыратынын айтып, қай ауданда науқастар саны көп тіркелгенін мәлімдеді

АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Алматыда инфекциялық ауруханада үш мыңға жуық науқас жатыр. Бір тәулікте қалада 500-ден аса адамнан коронавирус инфекциясы табылды.

Қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали 31 наурызда мегаполисте коронавирус инфекциясы 515 адамнан табылғанын айтты. Оның ішінде 434-і адамда ауру белгілері бар.

"Емделгендер саны – 285 адам. Бүгін 248 адам ауруханадан шығарылды, 317 адам ауруханаға түсті. Инфекциялық стационарларда 2 849 адам бар. Оның 107-сі балалар. Ересектер арасында 45 адам аса ауыр жағдайда, 409 адам ауыр жағдайда, 2 395 адам орташа ауыр жағдайда жатыр", – деді Лаура Мырзағали.

"Халық аренадағы" госпитальда мың төсек орын бар, қазір ол жерде 34 адам жатыр. Сонымен қатар қаладағы жеті қонақ үйде қосымша 815 орын дайын тұр.

Реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 152 науқас жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына 8 адам қосылған, инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 58 адам жатыр.

Вакцина бойынша ақпарат

Алматыға 1 ақпаннан сәуірге дейін вакцинаның 15 750 дозасы жеткізілді. Бірінші компонент 100% салынды. Екінші компонентін егу бойынша ревакцинация жүріп жатыр.

"Қазірге дейін 3 810 адам вакцина алды. Бүгін бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша төртінші транш – вакцинаның 21 860 дозасы үлестіріледі", – деп нақтылады Мырзағали.

Сонымен қатар қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де бірқалыпты емес екенін айтты. Алматы қазір коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр.

"Бұл мутацияланған штаммдардың таралуына байланысты. Наурыздың басынан бастап 9 525 адамнан коронавирус табылды. Наурызда өсім қаңтар мен ақпанмен салыстырғанда жоғары болды. Сырқаттанғандардың басым бөлігі – ЖК немесе ЖШС-да жұмыс істейтін адамдар мен жұмыс істемейтін адамдар", – деді Қалықова.

Алматылықтар инфекцияны қайда жұқтырады?

Наурызда алматылықтар инфекция жұқтырған жерлер:

қоғамдық орындар – 41,5%;

Отбасы ішінде науқаспен байланыс кезінде – 28,6%;

Қоғамдық көлік – 21%;

Жұмыста – 7,4%;

Шетелден алып келді – 1,5%.

Қай ауданда науқас көп?

Науқастар саны бойынша бірінші орында Бостандық ауданы тұр – наурызда 1 766 адам тіркелді. Одан кейін орындар Алмалы, Әуезов және Медеу ауданына тиесілі. Бұл аудандарды бір айда мыңға жуық адамнан инфекция табылды.

Жетісу және Алатау аудандарында 451 жағдай анықталған.

Жаңалықтар
0