АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Алматыда Қазақ-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) студенттер жатақханасында үш адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жатақханалардың бірінде коронавирус жұқтырған адамдар анықталды. Олар өздері коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырған. Ол жерде індетке қарсы іс-шаралар жүргізілді. Байланыста болған адамдар анықталды. Қосымша ПЦР-тест алынды. Барлығы бақылауда", – деді Қалықова.
Оның сөзінше, Алматыда студенттер үйінде коронавирус өршіп тұрған жоқ.
"Бар-жоғы үш жағдай анықталды. Олардың бір-біріне қатысы жоқ. Студенттер бір бөлмеде тұрмаған", – деді Қалықова.
Сонымен қатар департамент басшысының орынбасары жатақханадан басқа жерде тұруға мүмкіндігі жоқ студенттердің жатақханада қалуына болатынын айтты. Мұндай жағдайда студенттер барлық санитарлық талапты сақтауы қажет.
Оқи отырыңыз: Депутат жастар арасындағы бедеулікке не себеп болатынын атады
Алайда жатақханаларды бақылайтын мониторинг тобының ақпаратынша, студенттердің бір бөлігі ол жерден кетіп жатыр.