Қоғам

Депутат алматылық апортқа төніп тұрған қауіп туралы айтты

© Акимат Алматинской областиАпорт
Апорт - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.04.2021
Жазылу
Бактериялық күйікпен күресудің экологиялық қауіпсіз, таза және тиімді әдісі – микроорганизмдерге негізделген биологиялық өнімдерді қолдану

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов жеміс бақтарына, соның ішінде алматылық апортқа бактериялық күйік ерекше қауіп төндіріп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Дүйсембинов депутаттық сауалын үкімет басшысының орынбасарлары Ералы Тоғжанов пен Роман Склярға жолдады.

"Республика аумағында бактериялық күйік алғаш рет 2000 жылдардың басында тіркелді және оның таралу аймағы жылдан жылға кеңеюде. Соңғы жылдары осы ауруды жұқтырған бақтардың аумағы 50 есе өскен, олар, негізінен, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында", - деді депутат.

Айтуынша, "Өсімдіктер карантині туралы" заңға сәйкес, бактериялық күйік инфекциясының ошақтарын анықтаған кезде 30 шақырым радиустағы ағаштар мен барлық өсімдікті тамырдан тазарту, өртеу бойынша карантиндік шараларды жүргізу қажет болады. Ал бұл миллиардтаған шығынмен қатар экологиялық зардапқа әкеледі.

Мәселен, 2017-2020 жылдары Алматы облысының аумағында бактериялық күйікпен залалданған бақтар көлемі 1 мың гектарға өсті. Соның салдарынан облыста жыл сайын 200 гектарға дейін бақты жою жұмыстары жүргізілген.

"Мамандардың айтуынша, бактериялық күйікке қарсы шаралар жүргізілмесе, еліміздің барлық жеміс екпелерінің 50 проценттен астамы және алма бақтары толықтай жоғалып кетуі мүмкін", - деп алаңдады сенатор.

Тағы оқыңыз: Азық-түліктің 6 түрі толықтай елде өндірілетін болады: тізімге қандай өнім енді

Ол бактериялық күйікпен күресудің экологиялық қауіпсіз, таза және тиімді әдісі микроорганизмдерге негізделген биологиялық өнімдерді қолдану екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта бактериялық күйікке қарсы пайдалану үшін шаруашылықтарға ұсынылатын шетелдік препараттар өте қымбат және еліміздің климаттық жағдайларына бейімделмегендіктен нәтижелілігі де төмен болып отыр, деп толықтырды Дүйсембинов.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылға қарай отандық жеміспен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін жыл сайын 2 мың гектарға жеміс бақтарын салуды жоспарлап отыр. Осы мақсаттар үшін жыл сайын басқа елдерден 25 миллиард теңгеге шамамен 7 миллион көшет әкелінеді. Алайда бактериялық күйікке қарсы әрекетсіздік жағдайында жұмсалған қаражаттың ысырап болатыны анық", - дейді депутат.

Осыған байланысты сенатор білім және ғылым министрлігіне жеміс дақылдарының бактериялық күйігіне қарсы ғылыми зерттеулерді және отандық биопрепараттарды кең ауқымды сынау бойынша бағдарламалық мақсаттарды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы министрлігіне биопрепараттарды сериялық өндіру бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсыру қажет деп санайды.

Статистика деректері бойынша Қазақстанда алма мен алмұрт ағаштарының отырғызылған алқап көлемі 40 мың гектардан асады.

Жаңалықтар
0