Қоғам

"Халық білуі керек": жер комиссиясы ашық дауыс беруге бара ма

© Sputnik / Александр Гращенков / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2021
Жазылу
Фермерлер мен шопандардың кейбірі ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруді қолдаса, енді біреуі жеке меншікке аудару қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз — Sputnik. Осы аптада жаңадан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұл жолы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беру мәселесі талқыланбайды. Себебі президент соңғы сөзін айтты, жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді. Осыған орай, мәжіліске шұғыл түрде заң жобасы да енгізілді. Оны қысқа уақыттың ішінде қабылдайды. Енді, мораторий аясында бірнеше маңызды мәселе қалып отыр. Соның біреуі – ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке беру. Дәл осы мәселе бойынша комиссияда қызу тартыс болатын сияқты. Бірақ жасырын түрде өтеді. Себебі Қазақстанда латифундистер, яғни, ірі жер иеленушілері аз емес. Дегенмен, комиссияның алғашқы отырысында кейбір адамдар өз ұстанымын ашық айтты.

Фермерлер мен шопандар не дейді?

Комиссияның алғашқы отырысында фермерлер мен қойшылардың өкілдері сөйледі. Біреуі ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруді қолдаса, енді біреуі жеке меншікке аудару қажет деп санайды. Мәселен, Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын сақтап қана қоймай, оны атадан балаға мұра ретінде қалдыру керек дейді.

"Мәселен, 49 жылға пайдалану құқығы біткен соң, сол жерді пайдаланушы немесе оның ұрпағы ары қарай пайдалануға алуы үшін басымды құқыққа ие болуы қажет. Ол үшін Жер кодексінің 37-ші және 97-ші баптарын түбегейлі қарастыруын сұраймыз", - деді Дайрабаев жер комиссиясының бірінші отырысында.

Тағы оқыңыз: Тайжан министрдің сөзін жоққа шығарды

Ал Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруді қалап отыр. Өйткені жерді иесі болмаса, іс өнбейді, топырақтың құнарлығы да кетеді. 

"Бүгінде жеріміз 17 процентке тозды дейді. Мен содан шошыдым. Ал іссапарда жүргенде Қазақстанның ең мықты зертханасына бардым. Сол жерде бір апайымыздан жер тозды, сол рас па деп сұрадым. Рас, 50-55 процентке жердің гумусы кетіпті дейді. Сонда Жер анамызға не істеп жатырмыз? Жердің иесі болса, олай қарамайтын едік. Ол сенің жеке меншігің болса, сен оны көтеріп, құнарлығын арттыратын едің. Ана сияқты қарайтын едің. Ал құр жалаң ұранмен ештеңе болмайды", - дейді Садырбаев.

Оның ойынша, жердің иесі болса, қалаға кеткен жастар да ауылға қайта бастайды. Ал "бос жатқан жер жау шақырады".

Жер нарығын қалай дамытамыз?

Сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруге қарсы. Оның ойынша, жер тек мемлекеттің иелігінде ғана болуы қажет.

"Ең алдымен, бұл біздің геосаяси жағдайымызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде 6-шы орында тұрмыз. Ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Аустралиядан кейін екінші орындамыз, яғни, бір адамға, шамамен, 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда, бізде халықтың тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің жер ресурстарымыздың жеке меншікке емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жерді тек жалға беру керек. Мәселен, нарықтық экономикасы дамыған Израильде барлық ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттің құзырында", - дейді Күрішбаев.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов те ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке бермей-ақ, жер нарығын дамытуға болады деп ойлайды. Ол үшін жалға алу құқығын қалдырсақ та жеткілікті.

Тағы оқыңыз: Вице-премьер Тоғжанов 10 сотық жер беру мәселесін түсіндірді

Саясаттанушы Расул Жұмалы болса, жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті көлемін белгілеу керек дейді. Алдымен осы саланы реттеп алсақ, артынан жеке меншікке беру мәселесін де қарастыруға болады. Комиссия отырысына қатысқан кейбір кәсіпкерлер де жерді жеке меншікке беру ерте екенін айтты. Өйткені бизнес жерге жауапкершілікпен қарауды үйренуі тиіс. Ал мәжіліс депутаты Айдос Сарым комиссия мүшелерінің пікірімен шектелмей, кәсіпкерлер мен сарапшылар арасында сауалнама жүргізуді ұсынды.

Баяғы жартас – сол жартас

Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы екі сағатқа созылды. Осы уақыттың ішінде жерді жеке меншікке беру мәселесінен бөлек басқа да маңызды проблемалар айтылды. Мәселен, ірі жер иеленушілері туралы ақпарат әлі күнге дейін ашық жарияланбай отыр. Бес жыл бұрын жер реформасы жөніндегі комиссия отырыстарында осыны талай рет айтқан. Бірақ содан бері ештеңе өзгермеді. Сол сияқты әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер беру мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Заң бар, бірақ талап орындалмайды. Себеп бір, жерге алдымен су, жарық пен кәріз жүйелері сияқты инфрақұрылымды тарту қажет. Вице-премьер Ералы Тоғжановтың сөзіне қарағанда, бүгінде кезекте тұрған 1,5 миллион адамға 10 сотық жерді тарату үшін инфрақұрылымға 4 триллионнан астам ақша керек. Бірақ бюджетте ондай қаражат қарастырылмаған. Осы орайда заңгер Бақытжан Базарбек инженерлік желілерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тартуды ұсынып отыр. Кәсіпкерлер алдымен өз ақшасын салып, артынан мемлекет олардың шығындарын біртіндеп қайтарса, адамдар 10 сотық жерін тезірек алып, жеке үйін сала алады. Сонда халық жер реформасын сезеді.

Бұдан бөлек, заңгер жергілікті жерде ауыл шаруашылығы жерлерін тарататын жер комиссияларын толығымен жауып тастау қажет деп санайды. Себебі оның құрамына қоғам өкілдері кірсе де, сыбайлас жемқорлық тыйылмай тұр.

"Жер комиссияларын тоқтатуымыз қажет. Мәселен, 2018 жылы тең жартысы қоғам өкілдерінен құрылды. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге өткізген мониторинг кезінде байқағанымыз, қоғам өкілдерінің өздері сыбайлас жемқорлыққа барады. Олар да комиссияны пайдаланып, өздеріне жер алып отыр. Ондай фактілер өте көп. Сондықтан цифрлық технологияларды пайдаланып, жер комиссияларын толығымен жабуымыз қажет", - дейді заңгер Базарбек.

Осы орайда тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн, бүгінде жер ресурстарын бақылау комитеті министрлікке қарайды. Ал аймақтық жер инспекциялары жергілікті билікке бағынышты. Осылайша, әкімдер жерді өздері бөледі, өздері бақылайды. Содан болар, бүгінде әрбір облыста және әрбір ауданда жер комиссиясына мүше шенеуніктердің туған-туыстары біраз жерді рәсімдеп алған. Заңгерлер оны да ашық айтып отыр. Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жер агенттігін құруды ұсынды. Осы мемлекеттік орган тікелей президентке бағынуы шарт. Сонда ғана жер қатынастары саласында әділдік болады. 

"Ашық дауыс беру керек"

Сонымен, жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында негізгі мәселелер белгіленді. Соның басым бөлігі – бес жыл бұрын айтылған проблемалар. Ауыл шаруашылығы жерлерінен түсетін салықты ауыл бюджетіне тікелей түсіру ұсынысы да бар. Әйтпесе, бүгінде ауыл бюджетіне салықтың алты түрі түссе де, ол ақша әкім аппаратының бір айлық жалақысына да жетпейді. Бірыңғай салықты да ретке келтіру керек.

Айтпақшы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке беру мәселесі бойынша ашық дауыс беруді ұсынды. Ал хаттамада әрбір адамның аты-жөні жазылуы шарт. Сонда халық комиссия мүшелерінің дауыс қалай бергенін көре алады. Осы ұсынысты қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да қолдап отыр. 

Тағы оқыңыз: "7 миллион қазақтың үлесін ұмытпау керек": қоғам қайраткері үкіметке ұсыныс жасады

"Маған Мұрат Абдуламитұлының ұсынысы ұнап тұр. Комиссия мүшелері дауыс бергенде әрбіреуін жеке-жеке жазып, көрсету керек. Өйткені осы жерде қазақстандықтарға жерді жеке меншікке беруді қолдап отырғандар да бар. Халық нақты кімнің қолдап отырғанын білуі керек", - деді Тайжан комиссияның алғашқы отырысында.

Ол комиссияның құрамына қатысты маңызды бір ұсыныс та жасады.

"Осында отырғандардың жерлері бар. Ал жері жоқтардың өкілдері кім? Қазір миллиондаған адам жерге зар болып отыр. Комиссияда олардың өкілдері де болуы керек. Сосын комиссия төрағасының тағы бір-екі орынбасары, шенеунік емес орынбасары болуы тиіс", - деп атап өтті Тайжан.

Комиссия бірнеше топқа бөлініп, әрбір ұсынысты бөлек қарастыратын болды. Ондай тәртіп бес жыл бұрын болған. Ал жалпы отырыс әр сенбі сайын ұйымдастырылады және тікелей эфир арқылы көрсетіледі.

Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке беру мәселесін жылдың аяғына дейін шешіп алу қажет. Себебі ол кезде мораторийдің мерзімі аяқталады. Барлық ұсыныстың негізінде арнайы заң жобасы әзірленуі мүмкін. Сол арқылы қолданыстағы нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Президенттің соңғы сөзі де керек болып қалатын шығар...

Жаңалықтар
0