Қоғам

Сәкен Майғазиев: Жүзден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап таппадым

CC BY-SA 3.0 / Dana Kamzabek / Сакен Майгазиев
Сакен Майгазиев - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2021
Жазылу
Бөлінген бюджет бабамнан қалған қаржы емес, мен басқарып отырған әсем ғимарат әкемнен қалған мұра емес, деп жазды Майғазиев

АЛМАТЫ, 26 наурыз – Sputnik. Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Шымкент қаласында Наурыз мейрамындағы іс-шараларға 565 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінгені туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Құжатқа "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымының" директоры Сәкен Майғазиевтің қол қойғаны айтылды.

Әнші Сәкен Майғазиев Instagram парақшасында іс-шараға жұмсалған қаржыға қатысты жазба жариялады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сәкен Майғазы | МузАРТ (@saken_maigaziyev)

"Естіп те, көріп те жүрмін. Бүкіл әлемнің байлығын беремін десе де, қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төгуге келіспес едім. Мерекелік мәдени іс-шаралар кеше кешкісін мәресіне жетті. Жұртты жинап алып, жын ойнақ жасағандай көрсетудің қажеті жоқ, жақсылар. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 19 мекеме атсалысқан 100-ден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын. Қала әкімі қолдап, орынбасарлары оңтайландырып, басқарма бекітіп, мәслихат мақұлдап, жұмыла жасалған жұмыс", - деп бастады Майғазиев.

Оның сөзінше, жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге 572 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалды.

"Наурызға қатысты іс-шаралар наурыздың соңына дейін, тіпті сәуір айына дейін жалғасады. 213 миллион теңгенің өзі 5-6 іс-шараға бөлінген жоқ.  40 миллион теңге "Наурыз айтыс" атты үлкен жобаға бөлінген қаржы. Оның ішінде 2 ауқымды іс-шара бар. Екі күндік ақындар айтысы, ақын-жазушылардың проза және поэзия бағыттары бойынша өткен байқауы мен мүшайрасын косыңыз. Бұл қаржының ішінде жүлде қоры, қатысушылар мен қазылар алқасының гонорары, олардың келу-кету мен орналастыру, тамақтану мен транспорт, өзге де көптеген шығыны бар", - дейді ол.

Сонымен қатар Шымкент қалалық мәдениет үйі осы айтысты өткізу үшін "Quraq Group" ЖШС-мен келісімшарт жасасқаны, тендер "тікелей бір көзден сатып алу" тәсілі бойынша өткені айтылды. "Quraq Group" ЖШС жиһаз өндірумен айналысады. Майғазиевтің айтуынша, компанияның айтыс өткізуге лицензиясы бар.

"Мемлекеттік сатып алу конкурсы бір көзден сатып алу тәртібімен өткізіліп, "Quraq group" компаниясының авторлық жобасы болғандықтан тікелей келісімшарт жасалды. Оның үстіне бұл іс-шараларды компания өз қаржысына өткізді. Біз бұл компаниямен сәуір айында есептесеміз. Жиһаз өндіру – бұл компания қызметінің бір ғана бағыты. Іс жүзінде ол мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен де айналысады. Соның ішінде ақындар айтысын ұйымдастыруға лицензия алған", - деп түсіндірді Майғазиев.

Ол мейрам қарсаңында барлық іс-шарада санитарлық талап сақталғанын да атап өтті.

"Бір сөзбен айтқанда, бөлінген бюджет бабамнан қалған қаржы емес, мен басқарып отырған әсем ғимарат әкемнен қалған мұра емес. Алланың алдында да, адамның (құзырлы органдар) алдында да есеп болатынын білетін жандардың қатарынанмын", - деп түйіндеді Сәкен Майғазиев.

Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жыл сайын қалада іс-шара өткізуге 600 миллион теңге бөлінетінін жазды.

Жаңалықтар
0