Қоғам

Көңілдесі үшін қызын үйіне қамап кеткен: екібастұздық әйелдің Өскеменде жүргені анықталды

CC0 / / Ер мен әйел
Ер мен әйел - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2021
Жазылу
Құтқарылған қыз әжесінің Екібастұзда тұратынын айтқан. Ал анасы қызын туысының қолына не үшін тапсырып кетпегені белгісіз

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Екібастұз тұрғыны көңілі қалаған ер адаммен кездесу үшін кәмелетке толмаған қызын үйінде жалғыз қалдырып кеткен, деп хабарлайды жергілікті "Павлодар-интернет" басылымы.

Кезекші бөлімге 12 жастағы қызды көрші пәтерде қамап кеткені туралы қоңырау көпқабатты үй тұрғындарының бірінен түскен. Ал жасөспірім екі күн бойы пәтерде жалғыз өзі болған.

Полицейлердің араласуымен ол құтқарылды және оның анасы Өскеменге кеткені анықталды.

"Әйел баласын пәтерде тамақсыз жалғыз қалдыруға емес, көңілі қалаған адаммен кездесе алмай қалатынына көбірек алаңдаса керек", – дейді Екібастұз қалалық полиция бөлімінің аға инспекторы Фатима Ахметчанова.

Ал пәтер есігін ашу үшін оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен білім бөлімінің өкілдері шақырылған. Кейіннен құтқарылған қыз әжесінің Екібастұзда тұратынын айтқан. Ал анасы қызын туысының қолына не үшін тапсырып кетпегені белгісіз. Сондықтан да полицейлер қызды қолхатпен әжесіне тапсырды.

Кәмелетке толмаған баланың анасы бұған дейін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

"Яғни, баланың құқығы мен мүддесін қорғап, тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылғанымен ол ешбір нәтиже шығармады", – делінген полиция хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Көңілдесі ме: Алматыда балконнан салбырап тұрған ер адам оқиға туралы айтты

Аталған жағдайға байланысты әйелдің үстінен 127-бап бойынша тағы да әкімшілік іс қозғалды. Бұл жолы оның мінез-құлқы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Олар қыздың анасымен бірге тұру немесе тұрмауына қатысты нақты шешім қабылдайтын болады.

Жаңалықтар
0