Қоғам

"Қашып кетпеуіне кім кепіл": жер комиссиясында шетел азаматтығын алғандар туралы айтылды

© Sputnik / Болат ШайхиновПаспорт
Паспорт - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.03.2021
Жазылу
Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан үкімет күмәнді келісімшарттарды біржақты бұзып, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Жер комиссиясының мүшелері шет елдің азаматтығын алған жер иеленушілердің әрекетіне алаңдап отыр. Шетелдік банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлері де аз емес, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаевтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін кепілге қойвп, кредитке қыруар ақша алған адамдар аз емес. Ал олардың ішінде Қазақстан азаматтығынан шығып кеткендер де бар.

"Жер шетелдіктерге берілмесін!" деп дабыл қағып жүргенде қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шетел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Өкінішке қарай, ондай фактілер бар. Жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Олардың қолындағы мыңдаған гектар жер телімін банкке кепілге қойып, қыруар қаржы алып, кейін қайтара алмай, шетелге қашып кетпеуіне кім кепіл?", – деді Дайрабаев жер комиссиясының бірінші отырысында.

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да кепілдікте тұрған жер мәселесін көтерді.

Оның сөзіне қарағанда, шетелдік банктерге салынған ауыл шаруашылығы жерлері де бар.

"Өкінішке қарай, мыңдаған, миллиондаған жерлер банктерде кепілде тұр. Әсіресе, шетелдің банктерінде кепілде тұрған жерлер мәселесі – үлкен проблема. Меніңше, үкімет осы келісімшарттарды біржақты бұзып, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы қажет", – деп атап көрсетті Тайжан.

Оқи отырыңыз: Вице-премьер Тоғжанов 10 сотық жер беру мәселесін түсіндірді

Айта кетейік, өткен аптада премьер-министр "Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы" өкімге қол қойған болатын. Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі көрсетілген. Комиссияның құрамы да жарияланды

Жер комиссиясының отырысы аптасына бір рет сенбі күні өтеді. Оны ауыл шаруашылығы министрлігінің facebook-тегі ресми парақшасында онлайн режимде көрсетеді. Комиссия отырысының жұмысы сағат 10:00-де басталады.

Жаңалықтар
0