НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз — Sputnik. Танымал ресейлік дәрігер Александр Мясников асқазанның қатерлі ісігіне себеп болатын өнімді атады, деп хабарлайды РИА Новости.
"2015 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық шұжық өнімін канцерогендер тізіміне енгізген. Сондықтан шұжық – бұл таза канцероген", - деді Мяснивов "Россия 1" арнасына берген сұқбатында.
Дәрігердің айтуынша, шұжықтың дәмін татуға болады. Бірақ оның құрамында ауыр майлар мен тұз өте көп. Сондықтан шұжық денсаулыққа зиянды.
Айта кетейік, бұған дейін Мясников смартфонның бала көзіне зиян келтіріп, биологиялық дамуын тежейтінін айтқан.
"Смартфон қолдану баланың көру қабілетінің нашарлауына, гормонның өндірілмеуіне, ұйқы жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Меніңше, мұның бәрі бойдың өсуін де тежейді. Сондай-ақ, дене бітіміне әсер етеді. Себебі телефонды ұстап отырған кезде мойын алға қарай созылады, көз сығыраяды. Баланың биологиялық дамуы тұрғысынан алғанда смартфонды пайдалану зиянды", - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, балалардың смартфонды қолдануына шектеу қою керек, алайда бұл оңай болмайды.
"Біз 18 жасқа дейін балаға ішімдік ішуге, темекі тартуға тыйым саламыз. Дәл солай смартфонға да шектеу қою керек. Адам өскенше смартфонды аз қолданғаны жөн", - дейді Александр Мясников.
Ал пәтердегі wi-fi тарататын роутерді адам тұрмайтын бөлмеге орнату қажет.