Қоғам

Депутат: темекі акцизінен түсіп жатқан ақша қайда кетіп жатыр

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуТемекі қорабы, архивтегі сурет
Темекі қорабы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2021
Жазылу
Сенатордың пікірінше, акциздерден түскен ақша, бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бөлінуі тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Сенат депутаты Сергей Ершов акциз мөлшерлемесін көтеруден түсетін салық түсімдерін тұрмысы төмен қазақстандықтарға бағыттауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында "ЕАЭО-ға мүше елдердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Құжатты талқылау барысында депутат Сергей Ершов акциздерден түсетін ақшаның мақсатты жұмсалуы мәселесін көтерді.

Айтуынша, ЕАЭО аясында көптеген тауарға қандай да бір мөлшерлеме мен акциздерді үйлестіру барысында акциздік салық салу айтарлықтай өсті. Қазақстанда соңғы бірнеше жылда бензин, дизельді отын, алкоголь, темекі өнімдеріне акциз әжептәуір артқан. Мәселен, 2011 жылы темекіге акциз мөлшерлемесі 1 000 данаға 1 000 теңге болса, 2021 жылы бұл 11 100 теңге, яғни он есеге ұлғайды.

Логика бойынша акциздердің көтерілуі бюджетке түсетін салық түсімдерінің айтарлықтай ұлғаюын білдіреді. Ал бұл тиісінше қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына оң әсер етуі тиіс. Алайда алғашқы қажеттіліктегі азық-түліктің күрт қымбаттағанынан басқа, халықтың тұрмысынан өзгеріс байқап отырған жоқпыз.

"Осы орайда "Акциздердің өсуінен түскен табыс қайда жұмсалып жатыр?" деген орынды сұрақ туындайды. Сол себепті бұл мәселеде салық түсімдерінің осы түрлерін пайдалану кезінде оның кімге арналатыны және нысаналық сипаты туралы қағиданы енгізу керек деп санаймын", – деді ол.

Айтуынша, акциздерден түскен ақша, бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бөлінуі тиіс.

"ЕАЭО құрған кезде халықтың өмір сүру деңгейін арттыра отырып, одаққа мүше елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету негізгі мақсаттардың бірі болатын. Осыны ескеріп, акциздік тауарлар бойынша салық ставкаларын жақындатуды көздейтін мұндай халықаралық шарттарда мемлекеттің, тұтынушылар мен бизнес мүддесі теңгерімін сақтау қажет деп ойлаймын", – деді депутат.

Ершовтың айтуынша, бір қорап темекі қымбаттап, ал халықтың табысы сол күйі өзгеріссіз қалған жағдайда, бағаның одан әрі өсуі заңсыз сауда үлесінің едәуір ұлғаюына, сапасы күмәнді арзан контрафактілік өнімдерді тұтынуға әкеп соғуы мүмкін. Ал бұл сол темекіні тұтынатын азаматтардың денсаулығын одан әрі нашарлатады.

Заң жобасы нені көздейді

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасында:

2024 жылдан бастап индикативтік мөлшерлеме мен одан ауытқу диапазондарын қолдану;

ЕЭК кеңесіне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін бекіту және негізделген экономикалық тұрақтылық болған кезде оларды өзгерту бойынша өкілеттіктер беру көзделеді.

Экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, акциз мөлшерлемесін жақындастыру 2024 жылдан бастап жүзеге асырылады.

"Әрбір бес жыл сайын бірыңғай индикативтік мөлшерлеме және одан ауытқу диапазоны белгіленеді. 2024 жылы темекіге қатысты индикативтік мөлшерлеме 1 000 дана үшін 35 еуроға баламалы мөлшерде ұлттық валютада белгіленген", – деді министр.

Ол темекі өнімдеріне арналған акциз мөлшерлемесінің ұлғаюы есебінен бюджетке қосымша түсім түсетінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Фитнеске – 40 млн теңге: Перуашев халықтың ақшасына демалатын менеджерлерді сынады

Келісім одаққа мүше мемлекеттердің аумағында темекі өнімдерінің акциздерін салу саласында бірыңғай практика қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Парламент аталған келісімді ратификациялады.

Жаңалықтар
0