НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары қандастар үшін бөлінетін квота соңғы он жылда өте азайып кеткенін айтып, Көші-қон агенттігін қайта құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Қазыбек Исаның айтуынша, отыз жыл ішінде елге 1 миллионнан аса қандас келген. Алайда соңғы жылдары көші-қон тым баяулап, кедергі қатты көбейіп тұр.
"Отандастар қорының мәліметінше, шет елдерде 7 миллионға жуық қазақ тұрады. Бұл қазақ халқының 50%-і, яғни жартысына жуығы. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл – үлкен әлеует. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 миллион адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі?", - деді мәжілісмен премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, 1993-2021 жылдар аралығында квота саны 100 еседей төмендеп кеткен.
"1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөліп, бұрынғы межеден 100 еседей төмендеп, антирекордқа жететіндей басымызға не күн туды?", - деп ашынды Қазыбек Иса.
Оның пікірінше, бұған бұрынғы Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімдігіне берілуі себеп болып тұр. Депутат әкімдер шетелдегі қандастарды шақыруға ынталы емес деп санайды. Өйткені өңір басшылары оларды орналастырудың қиындығынан қашып, ел ырысын емес, жан тыныштығын ойлап отыр.
"Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған? Сонда бұл облыстарға қандастарымыз керек емес секілді. Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек", - деді ол.
Қазыбек Иса қандастарды қабылдау квоталарын 2009-2011 жылдардағыдай жылына 20 мың отбасына дейін жеткізуді ұсынды.
Қандастардың көбісі қай елдерден көшіп келіп жатыр – министрлік мәлімет берді
Сонымен қатар, депутат қандастар үшін азаматтық алу да қиынға соғатынын айтты. Мәселен, Ресей, Израиль секілді елдерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, халқы өте аз Қазақстанда 48 құжат жинау керек. Сол себепті мәжілісмен ұлты қазақ қандастар үшін құжат санын барынша азайтып, азаматтық бірден берілуге тиіс деп есептейді.
"Қазақстан азаматтығын алудағы басты талап – қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Осы азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі - шетелдегі қазақтардың өздерінің қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан "этникалық қазақ" екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандасымызды жоғалтып аламыз", - деп алаңдады Қазыбек Иса.
Депутат елге келген қандастарды, әсіресе, елдің солтүстігі мен шығысына қоныстандыру қажет деп санайды.