Қоғам

Төтенше жағдайлар министрі: Құтқарушылардың да еңбекақысы тұрақты өсуі керек

© Sputnik / Владислав ВодневГлава МЧС Юрий Ильин
Глава МЧС Юрий Ильин - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2021
Жазылу
Жаһандық төтенше жағдайлар жылында Қазақстан оң шешім қабылдап, ТЖ министрлігін қайта құрды. Елдегі бас құтқарушымен азаматтардың қауіпсіздігі үшін басты қатерлер мен оларды жою туралы сұқбаттастық

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин таңғы сағат жетіден бастап қызметіне кіріседі. Өзі басқарып отырған ведомствода қазір қарбалас шақ. Жалпы қазақстандық құтқарушылар жыл он екі ай тыным тапқан емес.

Sputnik Қазақстан тілшісі ТЖМ басшысынан министрлікті қайта құру құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысына қандай өзгеріс алып келгенін сұрады.

- Юрий Викторович, сіз басқарып отырған министрлік 2020 жылдың қыркүйегінде қайта құрылды. Сол уақыттан бері не өзгерді?

- Министрліктің тарихы ауқымды. Біз нөлден бастап жұмыс істедік дей алмаймыз. Осы уақытқа дейін атқарылып жатқан жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастырып жатырмыз. Біз алдымызға қойған негізгі міндет – нормативтік базаны реттеу. Ол белгілі бір өзгерістерді қажет етеді. Бірқатар функция әлі де ІІМ құрылымында тұр.

Министрліктің жұмысына тікелей қатысы бар шамамен 50 заңнамалық актіге өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу да негізгі міндет болып қала береді. Оқыс жағдайдың салдарымен жұмыс істегеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда жеңіл.

Ведомствоны қайта құруға қатысты айтар болсам, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері, мемлекеттік-материалдық резерв комитеті өзімізге қайтты. Сәйкесінше төтенше жағдай және мобилизациялық резерв кезінде тауарлық-материалдық құндылықтарды сақтау бойынша нормалар қайта қаралды. Біз кеңес заманынан бері күрделі жөндеу көрмеген бірқатар нысанды оңтайландырып жатырмыз. Бәлкім барлық кезде жаңа нысан салу қажеттілігі жоқ шығар. Материалдық құндылық тауарларын сақтауға болатын ғимаратты жалға беретін бизнес құрылымдарын пайдалану арқылы мемлекет қаражатының шығынын айтарлықтай үнемдеуге болады.

© Sputnik / Владислав ВодневҚазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин
Төтенше жағдайлар министрі: Құтқарушылардың да еңбекақысы тұрақты өсуі керек - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2021
Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин

Сол сияқты ұлттық гвардияға бағынысты болған азаматтық қорғаныс полктерінің бөлімшелері де біздің ведомствоға қайтты. Қазір тағайындау мен материалдық жабдықтауды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Техникамен жабдықтау туралы

Сондай-ақ қазір біз республикалық және жергілікті бюджет есебінен жабдықтауды арттырып, ТЖ сақтандыру мәселелері бойынша арнайы техника санын ұлғайттық. Қосымша жедел құтқару жұмыстарына арналған техника сатып алдық. Жаңа төрт тікұшақ алдық. Осы жылы тағы 11 тікұшақ сатып алу жоспарда бар. Бұл төтенше жағдай аумағына жедел жету мәселесінде барлық аймақ пен бөлімшені қамтуға мүмкіндік береді. Ол тікұшақтар тек ТЖМ үшін қызмет етпейді. Азаматтарды медицина мекемелеріне жеткізу үшін денсаулық сақтау министрлігі санитарлық авиация ретінде қолданады. Сол сияқты экология және табиғи ресурстар министрлігі де орман қорын қорғау үшін пайдаланады.

- Министрліктердің бөлінуі Ұлттық гвардияға қалай әсер етті? Бюрократия артып, ТЖ салдарын жою кезіндегі жеделдікке зиян келмей ме?

- Ештеңе өзгерген жоқ. Бізді министрлікке қайтқан полктер – Ұлттық гвардия бөлімшелерінің шағын бөлігі ғана. Заңға сәйкес Ұлттық гвардия ІІМ-нің барлық құрылымы секілді төтенше жағдай аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни министрліктің бөлінуін ешқандай кедергі келтірген жоқ. Біз әріптестерімізбен достық қарым-қатынастамыз және жұмыс процесі заңмен бекітілген.

Жаңа өрт сөндірушілер құрамы туралы

- Құтқарушылар қатарына кандидаттарды іріктеу әдістері өзгерді ме?

- Қазір ТЖМ құрамында 30 мыңға жуық адам бар. Жаңа өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға берілуіне байланысты қызметкерлер санын кезең-кезеңімен көбейтіліп жатыр.

Офицерлер құрамы алдын ала оқыту арқылы дайындалып, кейіннен әскери атақ беріледі. Курсанттар шет мемлекетте, негізінен Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Минскте оқып жатыр.

Қатардағы қызметкер ретінде жұмысқа келген азаматтарға жоғары білімің болу керек деген міндетті талап жоқ. Көбісі колледж бітіріп келгендер. Әрине, кандидаттар дене шынықтыру мен психологиялық тест бойынша емтихан тапсырады. Олардың денесі шымыр, бойы 165 сантимертден аласа болмауы керек. Кейде шағын қуыстарға кіре алатын аласа бойлы құтқарушылар керек болса, кейде зардап шеккендерді көтеріп алып шығуға қауқарлы сом денелі азаматтар да керек.

ТЖ себептері туралы

- Біздің құтқарушылар басқа елдердегі әріптестерімен қандай байланыс орнатқан? Көрші мемлекеттің аумағында болған төтенше жағдай Қазақстан үшін қауіп төндіретін сәттер жиі болатыны жасырын емес. Көрші елдермен ынтымақтастық қаншалықты реттелген?

- Бізде жалпы 34 келісімшарт бар. Оның ішінде екіжақты келісімшарттар мен ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО бойынша халықаралық ынтымақтастық аясындағы келісімдер бар. Бұл қызметкерлерді оқыту, трансшекаралық оқу-жаттығулар өткізуге қатысты мәселелерді қамтиды. Біз ресейлік әріптестерімізбен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Шекаралас аймақтардың төтенше жағдайлар бөлімдері деңгейінде бірлескен оқу-жаттығулар үнемі өтіп тұрады.

Сол сияқты Каспий маңы елдері – Әзербайжан, Түрікменстан, Ресейдегі әріптестерімізбен ынтымақтастық орнатқанбыз. Біздегі оқу-жаттығуларға Иран және Парсы шығанағы елдерінен азаматтар келді. Қырғызстанмен сейсмикалық белсенділік аймағында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ынтымақтастық орнаттық. Төтенше жағдай кезінде азаматтарды ерте ескерту жобасын ұйымдастырамыз. Өзбекстандық әріптестермен бірге өзара әрекеттесу, қауіп-қатердің алдын алу және төмендету бойынша бірлескен келісімдер аясында жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылдың ортасына қарай бұл құжаттарға қол қоюды жоспарлап отырмыз.

"Қазқұтқару" халықаралық оқу-жаттығуларын тұрақты өткізіп тұрамыз. Жабдықтау мәселесіне келсек, біздің еліміздің Ресейден еш айырмашылығы жоқ. Бәлкім көлікпен жабдықтау мәселесінде олар бізден жоғары тұруы мүмкін. Мысалы үлкен аумақтағы өртті сөндіру үшін қолданылатын ұшақтар. Біз болашақта осы әуе машиналарын сатып алуды көздеп отырмыз. Негізінен бәріміз де бүкіл әлем мойындаған бірдей жабдықтарды қолданамыз. Қазақстан – толыққанды мемлекет. Біз ешқашан ТЖ салдарын жою бойынша басқа мемлекеттерден гуманитарлық көмек алған емеспіз. Осы жылдар ішінде басқа елдерге бірнеше рет гуманитарлық жүк жөнелттік.

Су тасқынынан түбегейлі құтылуға болмай ма?

- Юрий Викторович, наурыз енді. Осы уақытта су тасқыны жиілеп, құтқарушылар үшін қызу жұмыс басталады. Бүтіндей екі ауыл су астында қалып қойғанын қазақстандықтар әлі ұмытқан жоқ. Қайта құрылған министрлік республикадағы су тасқынының алдын алу бойынша қандай іс-шаралар қабылдағанын айтыңызшы.

- 2017 жылы жүргізілген есеп бойынша елімізде жүйелі түрде су басатын 905 елді мекен бар екенін анықтадық. Осыған орай жол картасын әзірлеп, оны республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырдық. Бұл жол картасында су бұру арналарының құрылысы, арық жүйесін құру, бөгет салу секілді іс-шаралар қарастырылды. Соның арқасында 320 елді мекендегі су тасу қаупін жойып, 340 ауылдағы қауіпті мейлінше азайту мүмкін болды.

Қазір шамамен 270 елді мекен әлі де су тасу қаупі бар аймақта тұр. Бұл елді мекендердегі нысандарды бұзып, ауыл адамдарын басқа жаққа көшіру қомақты қаражатты қажет етеді. Біз су тасқыны салдарын төмендету бойынша жыл сайын жұмыстар жүргіземіз. Су тасқынына жауған қар мен жаңбыр көлемі, ауа температурасы мен өзен-көлдің су сыйымдылық мүмкіндігі де ықпал ететінін естен шығармаған жөн.

Алматыдағы жер сілкінісі

- Қазақстандықтарды мазалап жүрген кезекті мәселе – Алматыдағы сейсмикалық жағдай. Жойқын жер сілкінісі бола қалған жағдайда ТЖМ әрекеттері қандай болмақ? Алматылықтар сақтық шаралары мен қалай қорғану керектігі туралы біле ме?

- Біз тек Алматы қаласы емес, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облысы секілді сейсмикалық қауіпті өңірлердің тұрғындарымен тұрақты жұмыс жүргіземіз. Мұнай өндіруге байланысты батыс аймақта да жер сілкінісі болып тұрады. Алматыда ең жойқын жер дүмпуі 1911 жылы болған. Жалпы қала тұрғындары өздерінің сейсмикалық қауіпті өңірде тұратынын ұмытпауы керек. Ғылым жер дүмпуі қашан және қай жерде болатынын болжап бере алмайды. Тосын жағдай кез келген уақытта болуы мүмкін.

Жапондар жер дүмпуін мониторингтік болжаудан бас тартып, нақты әрекет етуге басымдық берді. Яғни жер сілкінісі болуы мүмкін орындарға сейсмикалық датчиктер орналастырылады. Бұл датчиктер хабарландыру жүйесіне ақпарат жолдап тұрады. Электрлі дабыл ойнап, азаматтардың назарын аударады және ақпаратты тыңдауға мүмкіндік береді.

Біз Алматыдағы сейсмология институты мен Қырғызстандағы әрпітестерімізбен бірлесіп осы жүйені енгізе бастадық. Қазір 28 датчикті орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде (тоғыз датчик орнатылып қойған). Бұл радиосигналды қабылдау арқылы азаматтарға ақпарат жолдауға мүмкіндік береді. Осы уақыт ішінде адамдар өздерін және жақындарын құтқару бойынша шара қабылдап үлгеруі керек. Қазір аталған жүйенің тиімділігін тексеріп, балабақшалар, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқу-жаттығулар мен тренингтер өткізіп жатырмыз.

Құтқарушылар әрбір адамның жанында тұрып, оқу-жаттығу үйретуі мүмкін емес. Сондықтан азаматтар өз бетінше әрекет етуі керек. Құрылыс нысандарының сейсмикалық төзімділігін арттыру бағдарламасының да маңызы зор. Қазір қалада тозығы жеткен тұрғын үйлер бұзылып, әлеуметтік ғимараттардың қабырғалары нығайтылып жатыр. Азаматтар өз үйлеріндегі жиһаз-мүлікті жақсылап бекітуі керек. Себебі жер сілкінген жағдайда ол заттар эвакуациялауға кедергі келтіруі мүмкін.

Адам өмірін жалмаған тілсіз жау

- Бізде жыл он екі ай бойы өрт тоқтаған емес. Әсіресе жаз мезгілінде. Орман мен дала өртінің алдын алу бойынша қандай да бір цифрлық шешімдер қарастырылып жатыр ма?

- Өрт біздің елде ғана емес, жоғары дамыған мемлекеттерде де болып тұрады. Дала мен орман өрті көбіне климатқа байланысты. От қолдану кезінде сақтық шараларын елемеу, далада шыны ыдыс қалдыру – мұның барлығы адам факторы. Қазір Шығыс Қазақстанда, Ақмола облысындағы Бурабай аумағында, сондай-ақ Павлодар облысында тепловизорлар мен бағдарламалар орнатылып жатыр. Олар ауа райы бойынша, термонүктелер бойынша өрт болып жатқан аумақты анықтауға мүмкіндік береді.

Сол сияқты біз Қазақстан мен басқа елдердегі спутник жүйелерін де белсенді қолданып келеміз. Негізінен бұл өрт шығу ошағына ғарыштан мониторинг жүргізуді көздейді. Яғни адам өз көзімен барып көргенге дейін шыққан өрт туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар патрульдеу, қауіпті аймақтардағы жерді жырту, қураған ағаштарды тұрақты түрде кесу де өрттің алдын алуға көмектеседі.

- Үйлерде, кәсіпорындарда және вахталық қалашықтарда болып жатқан өрт ше? Мұндай тосын оқиғалардың салдарынан бір сәтте бірнеше адамның өмірі қиылып жатыр.

- Ең алдымен мұнай компанияларының басым бөлігі елді мекендерден тыс жұмыс істейтінін ескеру керек. Бұл кәсіпорындарда мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылуы тиіс. Көп жағдайда бұл келісімшарт арқылы орындалады. Атырау, Қызылорда облыстарында адамдар көз жұмғанын білеміз. Біз арнайы анализ де жасадық. Мұндай елді мекендердегі жатын орындар мен ғимараттарды егжей-тегжейлі тексеретін науқан болып тұрады.

Мысалы, Қызылорда облысында шетелдік компания өз кеңсесі бойынша мәліметтер ұсынып, жұмысшылар орналасқан кентті есепке алмаған. Сондықтан мұндай вахталық қалашықтарды анықтау бойынша әкімдіктермен, прокуратурамен бірлесіп жұмыс жүргіземіз.

Біз жыл сайын тексеру жүргізетін жекелеген нысандар бар. Оларға негізінен әлеуметтік нысандар жатады. Қазір тексеру тәртібі мынадай: жарты жылға арналған тізім бекітіледі де, біз оны прокуратураға жолдаймыз. Бір ай бұрын тексеру жүретіні жайында кәсіпорынға ескертіп, сұрақтар жазылған бағалау қағазын қоса жолдаймыз. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын басшылар мен бизнесмендер мұндай профилактикалық шараларға оң көзқарас танытып, жасалған ескертулерді жою бойынша шара қабылдайды.

Егер ескертулер түзетілмеген болса, айыппұл саламыз. Одан кейін де еш шара қабылдамаса, материалды сот қарауына ұсынамыз. Өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған кәсіпорындардың қызметін тек сот тоқтата алады.

Шығынды арттыру керек

Біздің кәсіпкерлерге осы мәселеге қатысты ойын түбегейлі өзгерту қажет. Өрт сөндіруші келіп шара қабылдайды деп күтіп отыруға бола ма? Егер кәсіпкерлер табыс тауып жатса, өз клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Осыған байланысты міндетті сақтандыру енгізуді дұрыс деп санаймын. Сақтандыру компаниясы қандай да бір ғимараттың қауіпсіздігін бағалайды. Егер нысанда барлығы дұрыс болса, онда сақтандыру жағдайы да төмен болады, ал төлемдер керісінше жоғары болады. Егер бизнесмен тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз етпесе, онда сақтандыру сомасы да аз болып, кәсіпкер шығынға тап болады.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар үшін жағымды жаңалық

- Юрий Викторович, құтқарушыларды қамтамасыз ету мәселесіне келсек. Үнемі өз өмірін қатерге тігіп, ажалмен бетпе-бет келетін осы сала қызметкерлерінің жалақысы әлі де төмен күйінде тұр. Құтқарушылар қатарында қызмет етуге құлшыныс білдірген қазақстандықтарды не ынталандырып отыр?

- Біздің құтқарушылар бұл қызметке ақша үшін келмегеніне сенімдімін. Мұнда миллиондап ақша таппайды. Алайда қазір мемлекет басшысының қолдауымен біз төменгі буындағы қызметкерлер үшін 65%-ке дейінгі ақшалай үлеске қол жеткіздік. Осыдан екі жыл бұрын құтқарушылар қатарына қызметке қабылданған азамат 65 мың теңге жалақы алып келді. Өмірін бәйгеге тігіп алған бұл ақшаға отбасын асырау мүмкін емес. Қазір әскери атағы жоқ құтқарушылар бірінші жылы 110 мың теңгеге жуық жалақы алады. Атағы және еңбек өтіліне қарай еңбекақы көлемі де өсе береді. Сондай-ақ басқа да қосымша төлемдер бар. Бұл мәселе осымен тоқтап қалған жоқ. Басқа маман иелерімен бірге құтқарушылардың еңбекақысы да өсіп тұруы керек.

Сатылы түрде жалақыны арттыру үш жыл бойы жүреді. Қазір біз әлеуметтік пакет мәселесін пысықтап жатырмыз. Қорғаныс министрлігінің құрылымындағыдай біздің қызметкерлер үшін де әлеуметтік пакет болғанын қалаймыз. Бұл құтқарушылардың баспана алуға деген мүмкіндігін арттырады. Жақында ғана "Отбасы банк" басшылығымен кездестік. Олар қазір қолданыста бар баспана бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын. Құтқарушыларды баспананы сатып алу құқығы бар жалға алушылар тізіміне енгізу туралы Нұр-Сұлтан әкімдігімен келісім жасағанбыз. Ал осы салаға қызметке келуге ынталандыруға қатысты айтар болсам, бізге адамдарды құтқару деген игі іске өз өмірін арнағысы келген азаматтар келеді. Әрине, мақтаулар, медальдер мен ордендерді алған әркез жағымды. Бірақ құтқарушы үшін ең үлкен мақтау – құтқарылған адамның алғысы.

Жаңалықтар
0