Қоғам

Қазақстанда ұшақ апатынан көз жұмған әскерилерді жерлеу рәсімі өтті

© Photo : Пресс-служба КНБ КазахстанаҰшақ апатынан көз жұмған әскерилерді жерлеу рәсімі өтті
Ұшақ апатынан көз жұмған әскерилерді жерлеу рәсімі өтті - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.03.2021
Жазылу
Қайтыс болғандардың мәйітін жерлеу орнына жеткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көлік құралдары жұмылдырылды

НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Алматы облысында Ан-26 әскери ұшағының апатқа ұшырауынан қайтыс болған әскерилер жер қойнына тапсырылды.

Дүйсенбі, 15 наурыз күні Боралдай кентінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиация қызметінің қаза тапқан әскери қызметшілеріне әскери құрмет көрсету рәсімі өтті.

Баспасөз қызметі ҰҚК басшылығы шараға қатысқанын хабарлады.

"Қаза тапқандарды жерлеу орнына жеткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жердегі және әуедегі көлік құралдары жұмылдырылды. ҰҚК көз жұмған және зардап шеккен әскерилердің туыстары мен жақындарына қажетті көмек пен қолдау көрсетіп жатыр", – деп жазылған комитет сайтында.

Қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған әскерилерді еске алу үшін ҰҚК орталық аппаратының ғимаратындағы ведомстволық ту төмен түсірілді.

Сағат 17:22-де ұлттық қауіпсіздік органдарында бір минут үнсіздік жарияланды.

Қазір ведомствоаралық жұмыс комиссиясы құрылып, әуе апатының мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Ан-26 әскери ұшағының құлауы

13 наурызда Алматы әуежайына жақын маңдағы Қызыл Ту ауылында әскери ұшақ апатқа ұшырады. Ан-26 ұшағы құлап, отқа оранды. 

Ұшақ бортында алты адам болған. Төрт әскери қызметші оқиға орнында қаза тапты. Олар: аға лейтенант Досжан Баймұратов, сержант Евгений Васильков, лейтенант Мұхтар Сағынбаев және майор Ғабит Барлықбаев.

Аман қалған екі әскери ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер Sputnik Қазақстан агенттігіне ұсынған ақпаратқа сәйкес, науқастарға ота жасалып, қазір олардың бірі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Науқастардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайғылы жағдайға байланысты марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Оқи отырыңыз: Алматы маңындағы ұшақ апаты: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайын айтты

Мемлекет басшысы апат себебін анықтау мақсатында тиісті тергеу жүргізуді тапсырды. БАҚ-қа берген ақпаратқа сәйкес, әскери ұшақтың апатқа ұшырауына ауа райының қолайсыздығы, әуе көлігінің техникалық ақауы немесе адами факторы себепші болуы мүмкін.

Жаңалықтар
0