Қоғам

Министр Цой коронавирусқа қатысты үндеу жасады

© Photo : министерство здравоохранения Республики КазахстанАлексей Цой
Алексей Цой - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2021
Жазылу
Министр қыркүйек пен қаңтар аралығында коронавирустың жаңа штамдары анықталмағанын жеткізді. Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын ескеру керек

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға үндеу жолдап, алдағы мерекелік демалыстар кезінде барынша абай болуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Құрметті қазақстандықтар! Мерекелік демалыс күндері қарсаңында маңызды бір мәселені еске салғым келеді, күз бен көктемде жіті респираторлық вирустық инфекция (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынады. Қазір ЖРВИ маусымы жалғасуда, сондықтан сырқаттану қаупі сейілген жоқ", - деп жазды Цой Facebook парақшасында. 

Министр қыркүйек пен қаңтар аралығында коронавирустың жаңа штамдары анықталмағанын жеткізді. Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, сондай-ақ, жақын және алыс шетелден келетін адамдардың қатары көбейгенін ескерген жөн. Ондайда коронавирус инфекциясының жаңа штамдарын тасымалдау қаупі артады. Ал шектеу шараларының жеңілдетілуі коронавирус инфекциясының таралу қаупін үдетуі мүмкін.

Осы орайда Цой америкалық және ресейлік ғалымдардың ғылыми зерттеулерін мысалға келтірді. Оған сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауырып шыққандардың тек 10-15 процентінде ғана тұрақты иммунитет қалыптасқан.

"COVID-19 жұқтырған науқастарда иммунитет пациенттің жасына қарай қалыптасады: иммунитет балаларда жақсы дамиды - кәмелетке толмағандар арасында иммунитет шамамен 20% болады. 18-ден асқан адамдарда -14%, 65 жастан асқандарда -11%. 40%-нде иммунитет өте әлсіз және инфекция қайталанғанда көмектесе алмайды", - дейді министр. 

Бүгінде иммунитеттің сақталу ұзақтығына қатысты ғылыми тұрғыда дәлелденген дерек жоқ. Сондықтан COVID-19-дан сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып келеді. 

Вакцинация көмектесе ме

Министр коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ғана карантинге балама бола алатынын да жазды. Ақпан айында  "Спутник V" екпесімен жаппай вакцинация басталды. Бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату қаупі жоғары азаматтар (медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері) екпе салдырады. Ал сәуір айынан бастап халықтың осал топтарын (созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқандар және халықтың басқа да топтары) вакцинациялау жоспарланып отыр.

"Егер халық жаппай КВИ-ге қарсы профилактикалық екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады және инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады. Құрметті қазақстандықтар, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі де жоғары! Пандемия әлі де жалғасуда, вирус жеңілген жоқ. Сондықтан әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарау керек, Әрине, міндетті түрде вакцинация да қажет", - деп атап көрсетті Цой. 

Осы орайда министр ауру жұқтырмаудың жолын іздеуге кеңес берді. Ол үшін бетперде киіп, әлеуметтік арақашықтық және гигиена талаптарын сақтау қажет.

Жаңалықтар
0