Қоғам

Тоқаев: қауіп-қатер әлі де сейілген жоқ

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2021
Жазылу
Президент төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға мемлекет барапынан қаржылай және басқа да көмек берілгенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемияға бір жыл толуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бір жыл бұрын ДДСҰ пандемияның басталғанын жариялады. Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады", – деп жазды Тоқаев twitter-дегі парақшасында.

Президент төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға мемлекет барапынан қаржылай және басқа да көмек берілгенін атап өтті.

"Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік. Бірақ дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Адамзатты коронавирустан кейінгі пандемия күтіп тұр – қазақ дәрігерінің мәлімдемесі

Әлемді әбігерге салған вирус

Айта кетсек, пандемияның басталғанына бүгін бір жыл толып отыр. Өткен жылы 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялап, әлем елдерін барынша сақтануға үндеді.

Індет басталғалы бері әлем бойынша 117 миллион адам коронавирус жұқтырған. Осы уақытқа дейін басым бөлігі жазылып шықты. Бірақ қайтыс болғандардың саны аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, коронавирустан 2,61 миллион адам көз жұмды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, коронавирус пандемиясы 2022 жылдың басында аяқталады. Медицина мамандарының айтуынша, адамдардың 60-70 процентінде ұжымдық иммунитет болса, шектеу шараларын барынша жеңілдетуге мүмкіндік бар. 

Жаңалықтар
0