АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Алматы дәріханаларында жүрек, қан тамырлары аурулары мен тыныс алу жолдарының қабынуы кезінде қолданылатын ең қажетті дәрілер жоқ болып шықты, деп хабарлайды "Хабар 24".
Тұрғындардың айтуынша, үш айға жуық уақыттан бері дәрі-дәрмек сатылымда жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығымен бұл дәрі-дәрмектердің бағасы белгіленген, құны төмендетілген.
Дәрігерлердің сөзінше, Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар көп. Соған байланысты аурудың алдын алу ең тиімді әдіс болып саналады. Алайда алматылықтар қан сұйылтатын "Кардиомагнил" дәрісін сатып ала алмай отыр.
Оқи отырыңыз: Вице-министр коронавирустың екінші толқынында кімдерге тегін дәрі берілетінін айтты
Дәріхана қызметкерлері дистрибьюторлар ол дәріні әкелмей қойғанын алға тартады.
Сонымен қатар тромбоэмболияның алдын алу үшін қолданылатын "Курантил", жедел респираторлық ауруларды емдейтін "Эреспал" дәрісі де сатылымда жоқ. Ал бұл дәрілер пандемия кезінде аса қажет.
Министрлік әрекет етті. Нәтижесі қандай?
Жаңа жылға дейін "Кардиомагнил" бағасы 1 450-ден 2 100 теңгеге дейін құбылып тұрды. Баға дәрінің құрамына қарай өзгерді. Бірақ денсаулық сақтау министрінің бұйрығы шығып, бағасы 1 369 теңгеге дейін төмендеді. Ал бұл дистрибьюторлар үшін тиімсіз болды.
"Қазірге кезде Алматы қаласы бойынша медициналық бақылау департаментінен "Кардиомагнил" препараты бәрінде болмаса да, көптеген дәріханада бар екені туралы ақпарат алдық. Тіпті тізімін жіберді. Арасында бірнеше дәріхананы атап өтейін. Бұл – "Рауза" желісі, бұл "Өркен" ЖШС, "Абдинор" және басқа дәріханалар", – деді денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.
Алайда комитет өкілі атаған "Рауза" дәріханасында "Кардиомагнил" үш айдан бері жоқ болып шықты.
"Кардиомагнилді" жиі сұрайды. Біз балама дәрі береміз, себебі адамдарға қанды сұйылту керек. Бұл – патология. Қарашада бес қорап "Курантил" болды. Одан кейін келген жоқ. Ол да үш айдан бері жоқ. "Эреспал", "Кипферон" бір жылдан бері жеткізілмейді, себебін білмейміз", – дейді дәріхана меңгерушісі Наиля Ибрагимова.