Қоғам

ҚТЖ екіұдай мәндегі құттықтау видеосы үшін кешірім сұрады

© Sputnik / Владислав ВодневНұр-Сұлтан қаласы
Нұр-Сұлтан қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2021
Жазылу
Желі пайдаланушыларының басым көпшілігі мерекелік құттықтау ролигінің мазмұны әйелдер қауымының көңіліне кірбің түсіретін мәнге ие деп санады

НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының баспасөз қызметі елорда тұрғындарынан 8 наурыз мерекесіне орай арнайы түсірілген құттықтау ролигінің мазмұны үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ компания бұл жерде қыз-келіншектер қауымын төмендету немесе қорлау мақсатын көздемегенін мәлімдеді.

Елорданың сол жағалауындағы "ҚТЖ" әкімшілік ғимаратының қасбет экранында аниме стиліндегі ересектерге арналған мерекелік құттықтау бейнеролигі көрсетілгеннен кейін оның мазмұнына қатысты сын пікірлер әлеуметтік желілерде көптеп айтыла бастады. Желі пайдаланушыларының басым көпшілігі құттықтау ролигінің мазмұнын сексистік сипатта және екіұдай ойды меңзейтін әрі әйелдер қауымының көңіліне кірбің түсіретіндей мәнге ие деп санады.

"Біз осы видео әсерінен туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Мұндай видео көрсету арқылы әйелдерді ренжіту немесе масқаралау көзделген жоқ. Сондай-ақ жауапкершілікті ер азаматтарша сезініп, темір жол саласында қызмет етіп келе жатқан әйелдерге ризашылығымыз мен құрметімізді білдіреміз", – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бүгінгі таңда компанияда 24 мыңнан астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 20 процентін құрайды.

Бұған дейін даулы видеоны мәжілістің экс-депутаты Бақыт Сыздықова Facebook-тегі парақшасында жариялап, оның мазмұнына шамданған болатын. 

"Әзіл-сықақпен кәсіби түрде айналысатын адам ретінде бейнеролик мазмұны ешқандай да әзіл, қалжыңмен ұштаспайтындығын айта аламын. Бәлкім мұндай қалжың салалық тақырыптық мәнде дұрыс қабылдануы мүмкін. Алайда тұтас елдің нәзік жандылар қауымын осылай құттықтауды – әйел жынысына деген құрметсіздік деп санаймын. Ал "ҚТЖ" пойызындағы зорлау оқиғасынан кейін мұны түсіну тіптен қиын", – деп жазды ол.

Оқи отырыңыз: "Үйде қарапайым әйелмін": қауіпті мамандықты таңдаған қыз-келіншектердің әңгімесі

Сыздықованың пікірінше, бейнеролик мазмұнындағы астыртын ой өрескел қателік.

Желі қолданушыларының көпшілігі экс-депутаттың пікрін қолдап, видеоны арсыз әрі сапасыз және ұят деп атады.

Жаңалықтар
0