Қоғам

Жандарбек Бекшин Ashyq мобильді қосымшасы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

© Sputnik / Абзал КалиевЖандарбек Бекшин
Жандарбек Бекшин - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2021
Жазылу
Бекшин Ashyq қосымшаның жұмысымен танысқанда, кей нысандар ғимаратқа кіреберісте әртүрлі QR код енгізілгенін байқаған

АЛМАТЫ, 5 наурыз – Sputnik. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Ashyq мобильді қосымшасының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сондай-ақ, брифинг барысында Жандарбек Бекшин санитар дәрігерлер тұрғындармен бірге Ashyq мобильді қосымшасының кемшіліктерін анықтау қажет екенін айтты.

"26 ақпаннан бастап республиканың бас санитар дәрігерінің Ashyq мобильді қосымшасын енгізу туралы қаулысы қолданысқа енді. Алматыда қосымша пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Біздің міндетіміз – халықпен бірге осы қосымшаның кемшілігін анықтау. Келешекте қосымша жақсара түседі", – деді Бекшин.

Айтуынша, Ashyq қосымшасын пайдалану бизнес қауымдастық өкілдері үшін бірқатар маңызды артықшылықты ұсынады. Мысалы, Алматы қаласы "қызыл" аймақта болса, осы мобильді қосымшаны пайдаланатын объектілер "сары" аймақ режиміне сәйкес жұмыс істейді. Егер қала "сары" аймаққа ауысса, онда кәсіпкерлік нысандары "жасыл" аймақтың кестесі бойынша жұмыс істейді.

Сондай-ақ, бұл қосымша кәсіпкерлердің жұмысына көмектеседі.

"Пандемияның басталғанына бір аптадан кейін бір жыл болады. Әрбір адам денсаулығына мән береді. Біз де көмектескіміз келеді. Мәселен, ауру немесе науқаспен жақын байланыста болғандар үйде отырмайды. Оны вирус тасымалдаушы деп атауға болады. Біздің ең басты мақсатымыз – адамдарды оқшаулау. Сондықтан өзімізді, нысан қызметкерлерінің денсаулығын қорғауымыз керек", – деп түсіндірді қаланың бас санитар дәрігері Ashyq мобильді қосымшасының жұмысын.

Айтуынша, коронавирус табылып, бір аптада оқшаулауға алынған 100-ден аса адамның көрсетілген мекенжайда болмағаны анықталды.

"Санитар дәрігерлер вирустың таралуын болдырмауға тырысады, бірақ бір аптаның ішінде 32 адамның көрсетілген мекенжайлар бойынша тұрмайтыны, 70 адамның тұрғылықты жері бойынша үйінде болмағаны, үйде оқшаулау режимін бұзғаны анықталды", – деді Бекшин.

Айта кетейік, қазір бұл қосымшаны 27 алматылық кәсіпкер сынақтан өткізіп жатыр. Олардың ішінде 10 кафе мен мейрамхана иесі, 15 фитнес орталығы, СПА және бассейн иелері бар. Тағы 4 боулинг орталығы бұл қатарға қосылады.

Сондай-ақ Жандарбек Бекшин Ashyq қосымшасын пайдаланатын нысандарды аралап, қосымшаның жұмысымен танысқанын айтты.  Оның сөзінше, кей нысандарда ғимаратқа кіреберісте әртүрлі QR код енгізілген.

"Бұл өте ыңғайсыз. Мен барлық кіріске бірдей код енгізуді ұсындым", – деді ол.

Ashyq мобильді қосымшасы қалай жұмыс істейді?

Белгілі бір нысанға келуші Ashyq мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизация жібереді. ЖСН енгізу және өзінің нысанға келгенін тіркеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Сондай-ақ шығу кезінде шығуды бекіту үшін QR кодын сканерлейді.

Егер келушіде смартфон болмаған жағдайда немесе осы мобильді қосымшаны жүктеу кезінде қиындықтар туындаған болса, жауапты тұлға, мекеме қызметкер келушінің ЖСН енгізу арқылы кіруін тіркей алады. Мұндай жағдайда келуші өз келісімін береді.

Оқи отырыңыз: Енді кейбір мекемелерге бұрынғыдай емін-еркін кіре алмайсыз: не істеу керек?

QR-кодты сканерлегеннен кейін мобильді қосымшада келушінің статусы түрлі-түсті форматта жанады. Ол бойынша адамның коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны немесе жұқтырғаны көрінеді:

  • жасыл статус – бұл келуші деректер базасында Сovid-19 теріс нәтижесі көрсеткен адам ретінде көрсетілген;
  • көк статус – ПТР нәтижелері жоқ, байланыста болған адам ретінде саналмайды;
  • сары статус – науқаспен байланыста болған адам;
  • қызыл статус – базада Covid-19 анықталған деп тіркелген.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ashyq мобильді қосымшасы арқылы адамдарды қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөліп, кейбір мекемелерге QR-кодпен ғана кіретінін айтқан.

Мобильді қосымша QR-код арқылы денсаулық сақтау министрлігінің базасынан тиісті мәліметті алу арқылы келген адамның статусын, яғни коронавирус инфекциясынан шалдыққан ба, жоқ па, соны анықтайды.

Жаңалықтар
0