Қоғам

"Ол – халқымыздың біртуар перзенті": Тоқаев желіде жазба жариялады

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание Акорды
Здание Акорды - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2021
Жазылу
Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті, деді президент

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай Twitter-де жазба жариялады.

"Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті", - деп атап өтті Тоқаев.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында (Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы – Sputnik Қазақстан) дүниеге келген.  

1886 жылы Омбыдағы 4 жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман институтының экономика факультетінде білім алды. Дәл сол студенттік шақта сан алуан қозғалыстарға белсенді түрде араласқаннан кейін жандармерияның назарына ілікті, "саяси сенімсіздердің" қара тізіміне енді.

Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Әлихан Бөкейхан қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулерді ғана емес, тарих, этнография, әдебиет пен фольклорге арналған жүздеген мақала да жазды. "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу", "Ер Тарғын", "Ер Сайын" сынды халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін жинақтап, баспадан шығарды.

1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Алайда көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.

Жаңалықтар
0