НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Жамбыл облысында жайылып тұрған соғым еті ұрланды. Жылқы мен қой етін үптеп кеткен ұры алыстан келмепті.
Келеңсіз оқиға Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылында болған. Іздестіру шаралары барысында күдікке сол үйдің 33 жастағы күйеу баласы іліккен. Ол малды союға сол күні қайын жұртына жәрдемдесіп жүрген. Түн ауа ет жайылған қораның есігін бұзып кіріп, түгін қалдырмай алып кеткен, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында қайын атасының ақшасын ұрлаған әйел ұятқа қалды
Тергеу барысында күдікті ұрлық жасаған сәтте мас болғанын, соғымды асып жеу мақсатында алғанын мойындады дейді полиция өкілдері. Енді ет асып жегісі келген күдікті қайын жұртының кешірімін алмаса, темір торға тоғытылғалмақ.
"Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Көрсетілген бапқа сәйкес, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.