НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Алматы қаласының тұрғыны Әлішер Қабаев зираттан табылған ине шаншылған фотоға қатысты өз ойын айтып, қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлішер өзінің Instagram парақшасында қолдау білдірген барша қазақстандыққа алғыс білдіріп, ондай әрекетке кімнің баруы мүмкін екенін жазды.
"Аружан екеуміздің танысқанымызға 2 жыл болды. Осы уақытқа дейін арамызға түскен адамдар көп болды. Бір-бірімізді қандай жағдай болмасын қорғап, қолдап келеміз", - деп жазды Қабаев.
Оның ойынша, екеуінің суретіне ине қадап, дуалаған адамдар көре алмағаннан осындай қадамға барған. Жастар оны көңілге алғысы келмейді. Бірақ осындай сұмдық жағдайға бірінші рет тап болғаннан кейін, оған қоса, достары мен туыстары алаңдаған сайын қайта-қайта ойлай береді.
Оқи отырыңыз: Бақсы өлтіріп қойған жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын баяндады
"Осы жағдайдан соң, бір-бірімізді одан да қатты жақсы көріп кеттік десем қателеспеймін. Біреуге өлім тілемек түгіл, артынан сөз айтуға ұятымыз жібермейді. Бұндай жағдайды ойлап та көрмегенбіз, тек кинодан көруші едік. Осы күнәні жасаған адамды қарғап, ғайбат сөз айтудан аулақпыз", - дейді Қабаев.
Әлішер қазақстандықтарға бейнеүндеу де жариялады.
"Біздің жағдайымыз жақсы. Өзіміз мұны алғаш рет естігенде өте қатты қорықтық. Таныстарымыз, туыстарымыз – барлығы уайымдады. Бұл істі кім істесе де, ауыр күнә арқалады деп ойлаймыз. Кім істегенін, қашан істегенін білмейміз, білгіміз де келмейді. Барлығы Алланың қолында, барлығын Аллаға тапсырдық", - дейді Қабаев.