Қоғам

Биыл атаулы әлеуметтік көмекке қанша теңге бөлінеді

© Sputnik / Абзал КалиевАзық-түлік салынған арба
Азық-түлік салынған арба - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Жазылу
Министрдің айтуынша, осы жылы "әлеуметтік әмиян" пилоттық түрде енгізіп, оның көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алумен қатар, әлеуметтік төлемдерді қолма-қол ақшаға айналдыра алады

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Осы жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 122,8 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге (әлеуметтік топтаманы ескере отырып) 2020 жылы 88,2 миллиард теңге жұмсалды. 2021 жылы 122,8 миллиард теңге, оның ішінде 96,3 миллиард теңге республикалық бюджеттен және 26,5 миллиард теңге жергілікті бюджеттен қарастырылып отыр", – деді Шәпкенов министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Ол былтыр тек Қарағанды және Ақтөбе облыстары ғана АӘК төлеуге жергілікті бюджеттен кемінде 15% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз еткенін атап өтті.

"2021 жылы Есеп комитетінің ұсынымы бойынша қоса қаржыландыру үлесі кемінде 20%-ті құрауы тиіс. Осыған байланысты әкімдердің орынбасарларынан АӘК төлемін бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударуды сұраймын", – деді министр.

Оның ақпаратынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 184 мың отбасыдан 936 мың адамды құрады, оның ішінде 600 мың бала, 73,5 мың көпбалалы отбасы.

Әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында былтыр мектеп жасына дейінгі 218 мыңнан астам бала азық-түлік жиынтығымен (ай сайын) және гигиеналық құралдармен (тоқсан сайын) қамтамасыз етілді.

Оқи отырыңыз: Батыр ананың перзенттері 500 отбасының үйіне азық-түлік жеткізіп берді

Сондай-ақ, министр биыл "әлеуметтік әмиян" пилоттық түрде енгізілетінін мәлімдеді. Оның көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар тауарларды немесе қызметтерді сатып алып қана қоймай, әлеуметтік төлемдерді қолма-қол ақшаға айналдыра алады.

Жаңалықтар
0