АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Наурызда "BELKA. STRELKA" және "SÚNDET TOI" коллекциялық монеталары сатылымға шығады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Монеталарды Ұлттық банктің филиалдарынан сатып алуға болады.
"Олар әлеуметтік қашықтықты және белгіленген эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында сатылады", - делінген ақпаратта.
Номиналы 500 теңгелік "BELKA. STRELKA" коллекциялық монеталарының бетінде "1960-2020" деген жазу бар және екі ит бейнеленген. Ал артқы жағында монета номиналы, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, ғарыш әлемі суреттелген. Шеңберді айналдыра "QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY" деп жазылған.
Ал "SÚNDET TOI" коллекциялық монетасына шаңырақ, бір топ адам мен сүндетке отырған бала бейнеленген. Төменгі жағында "2020" деген жазу бар. Монетаның екінші бетіне QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY" деп жазылған. Ортасында мемлекеттің Елтаңбасы тұр, одан төмен монета номиналы көрсетілген.
Сонымен қатар MEDEÝ коллекциялық монеталарын сату форматы өзгерді. Енді оларды интернет-дүкеннен де, аймақтық филиалдардан да алуға болады.
MEDEÝ коллекциялық монеталарының сатылымға шығатын күні Ұлттық банктің сайтында қосымша жарияланады.
Ұлттық банк "Meдеу" коллекциялық монеталарын айналымға шығарып жатыр
Айта кетейік, "MEDEÝ" монетасы дизайнының тұжырымдамасы атақты бөгеттің және "жарылыстан туындаған" мұз айдынының пайда болу тарихын суреттейді.
Монета дизайнының графикалық тұжырымдамасы бүкіл әлемге әйгілі "Медеу" биік таулы мұз айдынын қоршаған Іле Алатауының жартасты тауларын аллегориялық қабылдау негізінде жасалған.