Қоғам

Үсті-басын қар басқан қостанайлық полицейдің фотосы желіде қызу талқыланып жатыр

© Photo : ДП Костанайской областиЖітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов
Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.02.2021
Жазылу
Имановтың айтуынша, полицейлер элеваторға жақындағанда 20 метрлік қар құрсауына тап болып, әрі қарай жүре алмаған. Сол кезде өздерін жергілікті күзетші әйел құтқарған

АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Желіде қар құрсауында қалып қойғандарды құтқару кезінде түсірілген полицейдің фотосы тарап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов әріптестерімен бірге ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған адамдарға көмектесуге барған. Фото сол кезде түсірілген.

Фотодан ер адамның үсті-басы қар болып, көлік жүргізіп отырғанын көруге болады. Полиция қызметкерлері қаладан 25 шақырым жерде жолдан шығып кеткен көлікке көмекке барған. Олар көлікті ең жақын елді мекенге дейін сүйреп апарған.

Ал фотосы желіде қызу талқыланып жатқан полицей ауа райы нашар кезде қоластындағыларды жалғыз жібергісі келмей, құтқару шарасын өзі басқарғанын атап өтті.

"12 шақырымды сегіз сағат жүріп өттік. Менімен бірге 7 полиция қызметкері болды. Жүргізуші жақтағы терезе ашық тұрғандықтан жел соғып, үсті-басымды қар басты. Ал көліктің жанында полиция қызметкері көлік терезесінен ұстап, жүгіріп жүрді. Өйткені, жол мүлдем көрінбеді. Ол асфальтті аяғымен сезіп, көлікті жолдан шығып кетуден сақтандырып отырды", – деді Болат Иманов.

Содан кейін полицейлер элеваторға жақындаған. Сол жерде құтқарылған жолаушылармен бірге ауа райының реттелуін күтеміз деп ойлаған. Алайда оған таяғанда 20 метрлік қар құрсауына тап болып, әрі қарай жүре алмаған.

Сол сәтте оларға жергілікті кәсіпкерлер көмектескен. Имановтың айтуынша, өздерін сол жердегі күзетші әйел құтқарған.

Желіде полицейлердің құтқарушылардың қызметін атқарып жатқанын жазып жатыр. Ал жергілікті полиция департаменті патрульдік полиция қызметінің екі жылдан бері барлық қажетті жабдығы бар екенін, олар оқиға орнына барғанда құтқарушыларды шақырмай-ақ, зардап шеккендерге көмектесетінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: "Ол жылап жіберді": Полицей иен далада жоғалған баланы қалай тапқанын айтып берді

Айта кетейік, полиция подполковнигі Болат Иманов ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері жұмыс істейді. 2020 жылы Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

Жаңалықтар
0