НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысын көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тағы бір маңызды міндет – педагогика және медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл өте күрделі мәселе. Мұны жедел шешуіміз керек", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында.
Тоқаев мұғалімдерге: күрделі кезеңге қарамастан мемлекет қолдау көрсете береді
Айтуынша, мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатыр.
"Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет", - деді президент.