НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Арқалықта ерлер арасында жалғыз әйел отырған "қасапшылар түрмесіне" тағы бір әйел түсті. 32 жастағы қылмыскер билік өкіліне күш қолданғаны үшін сотталған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтылған.
Ақпаратқа сүйенсек, 32 жастағы әйел билік өкіліне күш қолданғаны үшін Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айырылған. Жазасын Шығыс Қазақстан облысында қауіпсіздігі орташа колонияда өтеп жүрген.
"Алайда жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде қасақана бұзғаны үшін былтыр желтоқсан айында сот үкімімен Қостанай облысы бойынша ҚАЖД УК-161/12 толық қауіпсіз мекемесіне ауыстырылды", – делінген жауапта.
Қазіргі таңда сотталушымен психологиялық түзету және психопрофилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Арқалық қаласындағы УК-161/12 мекемесінде ерлер арасында жалғыз әйел отырғаны хабарланған еді.
ҚАЖК мәліметінше, 28 жастағы әйел адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр.
"Сотталушы мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Мекеменің кітапханасына барып тұрады, өлең жазады және ән айтады", – деді комитет Sputnik Қазақстанға.
28 жастағы әйел – аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейтін УК-161/12 колониясына түскен бірінші әйел. Ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Бұрын Алматы облысындағы түзету мекемесінде отырған.
Айта кетсек, Арқалықтағы УК-161/12 толық қауіпсіз мекемесі ел арасында "қасапшылар түрмесі" деген атпен белгілі. Онда қарақшылық, тонау, зорлау және басқа да ауыр қылмыс жасаған аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейді. Отыз жыл бойы мұнда тек ер адамдар ғана жазасын өтеген.
Атышулы трансгендер мерзімінен бұрын босатуды сұрады
Sputnik Қазақстан атышулы трансгендер Виктория Берікқожаеваның түрмедегі өмірі туралы да ақпарат сұратты.
ҚАЖК мәліметінше, ол Алматы облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі орташа ЛА-155/4 колониясында жазасын өтеуде.
"Қазіргі таңда сотталушы – мекеменің "Шығармашылық орталығы" көркем шеберханасында шебер көмекшісі. Мекеме аумағын абаттандыру және отрядтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша қоғамдық жұмыстарды орындайды", – делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ, трансгендер мәдени шараларға, байқауларға жиі қатысып тұратын көрінеді.
Осы жылдың ақпанында Виктория Берікқожаева шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішпен жүгінген. Материалдар сотқа жолданды.
Еске салсақ, 2019 жылдың шілдесінде Виктория Берікқожаева әйелдер колониясында өзін ҰҚК қызметкері зорлағанын мәлімдеді. Оқиға Алматы облысының Жауғашты кентінде болған.
Тағы оқыңыз: Трансгендерді зорлаған ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері бес жарым жылға сотталды
2020 жылдың қазанында сот Алматы облысы бойынша ҰҚК департаментінің бұрынғы қызметкерін кінәлі деп тауып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, сотталушыға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге және үш жылға белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Сондай-ақ, оны ұлттық қауіпсіздік майоры әскери атағынан айырды.
ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ және соттан өзін ақтауды сұраған болатын.
Виктория Берікқожаева (жынысы ауысқанға дейін – Кәрім Берікқожаев) 2016 жылдың 20 тамызында Алматы дәмханаларының бірінде жәбірленушіден 10 мың доллар алған кезде ұсталды. Тергеу барысында қыздың басқа трансгендерді бопсалағаны анықталды. Жәбірленушіні басқаларға жынысын өзгерткені жайлы айтып беремін деп қорқытқан.
2017 жылдың наурызында сот Виктория Берікқожаеваның мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Қазақстанда қанша әйел темір торда отыр
ҚАЖК ақпаратына сүйенсек, қазір республикада 66 колония жұмыс істейді, оның алтауында сотталған әйелдер жазасын өтеп жатыр.
Түзету мекемелері Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан.
"Арнайы контингенттің жалпы саны шамамен 25 мың адамды құрайды, оның ішінде 1 600-ге жуығы – сот бас бостандығынан айыруға үкім шығарған 18-ден 70 жасқа дейінгі әйелдер", – деп мәлімдеді комитеттен.
Әйелдер, негізінен, адам өлтіру, ұрлық, алаяқтық, есірткіні заңсыз дайындау және сақтау қылмысы үшін сотталған.
Республика аумағында қатаң режимдегі бір әйелдер колониясы бар. Ол Шымкент қаласындағы қауіпсіздігі ең жоғары ИЧ-167/4 мекемесі. Қазір мұнда 200-ге жуық әйел отыр.
Сонымен қатар, Алматы облысында ҚАЖ департаментінің ЛА-155/4 мекемесі аумағында сотталған аналардың 3 жасқа дейінгі сәбилерін уақытша ұстау үшін балалар үйі ұйымдастырылған. Бүгінде мұнда 20-дан аса бала тәрбиеленуде.
Сотталған әйелдер немен айналысады
Колонияларда тұтқындарды жұмыспен қамту үшін мамандандырылған цехтар ашылған. Жұмыс істейтін тұтқындарға жалақы төленеді. Ақшаны әр адам талап-арызын өтеуге, дүкеннен электронды терминал арқылы азық-түлік пен қажетті заттарын сатып алуға жұмсай алады. Сотталғандар, көбіне, маңдай терімен тапқан ақшаны отбасыларына жіберіп, жақындарына материалдық көмек көрсетеді.
Оқи отырыңыз: "Түрме вице-министрдің көзімен": Суханбердиева кітап жазды
Сотталған әйелдердің жартысы тігін, нан-тоқаш цехтары мен бақтарда еңбек етеді. Жұмыстан бос уақытында кітапханада уақыт өткізеді, спорттық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады, түрме аумағын абаттандырумен және қайырымдылықпен айналысады.
ҚАЖК ақпаратынша, түрмеде жазасын өтеп жатқан бір адамды асырауға жылына 590 мың теңгеден аса ақша кетеді.