НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Қазақстандықтарға экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) үшін жинақталған зейнетақы қаражатын алуына рұқсат етілмейді. Мамандардың түсіндіруінше, аталған процедура үшін медициналық сақтандыру қорының квота саны жеткілікті деңгейде бөлінген.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева биыл Қазақстанда "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасы басталғанын және соның шеңберінде бөлінген қаражат есебінен ЭКО жасатуға квота алуға болатынын түсіндірді.
"Қазақстанда жыл сайын МӘСҚ шеңберінде мыңға жуық квота бөлінеді. Осы жылдан бастап квота саны жеті есеге – жеті мыңға көбейтілді. МӘСҚ аясындағы бұл қызметтер критерийлерге сәйкес мұқтаж отбасылар болып табылады. Сондықтан да мұндай қажеттіліктің бар-жоғы анықталған соң, бұл мәселені әрі қарай қарастырамыз және осы ережелерге енгізуге болады", – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Гүлнәр Сәрсенбаеваның пікірінше, жеті мың квота аталған санаттағы процедураны толығымен қамтамасыз ете алады.