Қоғам

Министр Аймағамбетов игі бастаманы қолға алды

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр образования Асхат Аймагамбетов
Министр образования Асхат Аймагамбетов - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.02.2021
Жазылу
Білім министрі дебат тек зияткерлік ойын емес, сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға үйрететін білім беру технологиясы екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатыр. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Бұл ретте дебат ойындары мен мектептегі өзін-өзі басқару тетіктері аталған қабілеттерді қалыптастырады", - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Оның пікірінше, дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы.

"Ойынға қатысушылар кейін үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады", - деп толықтырды Аймағамбетов.

Білім министрі пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды екенін атап өтті. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек.

Оқи отырыңыз: Аймағамбетов өзіне кедергі келтіріп жатқандар жайлы айтты

"Біз еліміздегі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз. Әрбір оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына барынша мүмкіндік жасау қажет. Бұл ретте мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінің де ықпалы зор. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарды. Соның негізінде еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару технологияларын енгізе алады", - деп толықтырды ол.

Мектепте оқушылар өзін-өзі қалай басқарады?

Әдетте оқушылар арасында сайлау ұйымдастырылып, мектеп парламентінің мүшелері сайланатын. Оның құрылымында атқарушы органдар да болуы мүмкін, олардың әрқайсысы өз бағытына жауап береді.

"Бұл жүйе оқушыларға басқарудың не екенін түсінуге, олардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Балаларға жауапкершілік жүктеп, өз бетінше әрекет етуге жағдай жасайды", - деп атап өтті Аймағамбетов.

Мұның маңызы неде?

Ең алдымен оқушылар мектептегі барлық білім алушалардың мүддесіне сәйкес бастамалар көтеріп, тиісті шешім қабылдауды және оларды жүзеге асыруды үйренеді.

Мектептегі өзін-өзі басқару білім беру процесін демократияландыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және бар мәселені бірлесіп шешуге өз ықпалын тигізеді.

Министр атап өткендей, алдағы уақытта өзін-өзі басқару үрдісі де дебат ойындары сияқты мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналады.

"Біз балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдаймыз. Мұндай кішігірім бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды. Пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етеді", - деп түйіндеді Аймағамбетов.

Айта кетейік, еліміздегі оқушылар арасында дебат ойындары алғаш рет 1996 жылдың сәуір айында өтті. Сол уақытта Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ұйымдастырылған ойындардың өзіндік стилі мен бағыттары қалыптасты. Ол ойындар оқушылардың бойында коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға мүмкіндік берді.

Жаңалықтар
0