Қоғам

Қазақстан тумасы: 21 жыл халықаралық іздеуде болған қауіпті қылмыскер ұсталды

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, зал суда
Наручники, зал суда - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2021
Жазылу
Павлюк 1974 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында дүниеге келген. Ал ер жеткеннен кейін Ресейге барды

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Грузияда Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Николай Павлюк ұсталды. Ол Ресей түрмесінен қашып кеткеннен кейін 21 жыл бойы жасырынып жүрген. Осы уақыт ішінде бірнеше елде, тіпті туған жерінде де тұрды  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Петропавловск.news порталына сілтеме жасап.

Павлюк 1974 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында дүниеге келген. Ал ер жеткеннен кейін Ресейге барды. 90-жылдар қылмыстық әлемнің дүркіреп тұрған кезі болатын. Жас Павлюк те осы әлемге тез сіңісіп кетті. Ал 20 жасында әккі қылмыскерге айналды. Сөйтіп, 1994 жылы бір топ адаммен кісі тонауға барған.

Тергеу материалдарына сәйкес, Павлюк сыйбайластарымен бірге Ростов қаласында тұрған ер адамның пәтеріне баса көктеп кірген. Оны қатыгездікпен ұрып-соғып, 100 миллион рубль, саяжай учаскесі мен КамАЗ көлігін талап етті. Қылмыскерлер үйден құр қол кеткен жоқ. Телевизор, магнитофон, зергерлік бұйымдар, қымбат әтір суы, тіпті, аяқкиім мен киім-кешекті де қолды етті. Дәл осы жолмен тағы бір қала тұрғынына қысым көрсетіп, мүлікті өз аттарына жазып алды. Ал бір жылдан кейін қылмыскерлер қолға түсті.

Павлюк 8 жылға сотталды. Бірақ 1999 жылы екі сотталған адаммен бірге Краснодар өлкесінің Хадыженск қаласындағы ИК-9 колониясынан қашып кетті. Сөйтсе, олар алдымен күзетшілерге ақша берген. Мекеме қызметкерлері оларды сөмкеге салып, жасырын түрмеден алып шықты. Қылмыскерлер "общакта" болған 300 мың долларды да үптеп кеткен деген ақпарат бар. 

Бір жарым жылдан кейін екі қашқынның Адыгея республикасында жүргені белгілі болды. Ұстау операциясы кезінде қылмыскерлер полицияға оқ жаудырды. Сол кезде екі милиция офицері көз жұмды. Біреуі қатты жарақат алды. Екі күннен кейін тағы бір операция ұйымдастырылды. Алайда қылмыскерлер қашып кетті. Жарты жылдан кейін ғана қолға түсті. Екеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Ал Николай Павлюк із-түзсіз жоғалып кетті. Түрмеден қашқаннан кейін бірден шетелге шықты. Жалған төлқұжат жасап, Эстонияда тұрды. Ал 2004 жылы осы мемлекет Еуропа одағына қосылғаннан кейін Германияға анасының қасына көшіп барды. Ол кезде Интерпол да оған іздеу салды. Бір қызығы, Германияның Ольденбург қаласында Павлюкты көліктік полиция тоқтатып, бір күнге қамауға алған. Бірақ Ресейге берген жоқ. Себебі Германияда түрмеден қашу қылмыстық әрекетке жатпайды. Осылайша, іздеуде жүрген қылмыскер келесі күні босатылды.

2010 жылы Павлюк Қазақстан азаматына жалған төлқұжат жасатып алды. Оған Михаил Иванович Уткевич деп жазылды. Осы төлқұжатпен біршама уақыт Петропавл қаласында тұрған. Тіпті, үйленіп, ұл сүйді. Бірақ бірнеше жылдан кейін ерлі-зайыптылар ажырасып кетті. Павлюктің Қазақстандағы әйелі оны сотқа беріп, алимент төлеуді талап етті. Сол кезде Бескөлдің тумасы Грузия қашып үлгерді.

Павлюк грузин жерінде бес жылдай жасырынып жүрді. Бірақ Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі оны тауып, Грузия полицейлерінің көмегімен қолға түсірді. Қазіргі кезде оны Ресейге экстрадициялау мәселесі пысықталып жатыр.

Ресейдің заңнамасы бойынша Николай Павлюк 1995 жылдың соты тағайындаған жазаны өтеуге міндетті. Оған қоса, түрмеден қашу, жалған құжат жасау және тағы басқа әрекеттер үшін қосымша жаза қарастырылған. Осының негізінде 7-10 жылға бос бостандығынан айыру жазасы қосылуы да әбден мүмкін.

Жаңалықтар
0