Қоғам

Сенат депутаттары кейбір дәрігерлердің мәртебесі мен жалақысын көтеруді ұсынды

© Photo : Пресс-служба сената парламента КазахстанаПленарное заседание сената
Пленарное заседание сената  - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2021
Жазылу
Сондай-ақ депутаттар денсаулық сақтау министрлігіне емдеу және оңалту тарифтерін қалыптастыруды жетілдіруді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Сенат депутаттары балалар кардиохирургиясы саласында істейтін дәрігерлердің мәртебесі мен жалақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Нұртөре Жүсіп балалар кардиохирургиясы саласындағы проблемаларға тоқталды. Айтуынша, көптеген ауруханада жансақтау және интенсивті терапия бөлімінде жатқан балаларды емдеу үшін қосымша антибактериалдық, иммундық және басқа препараттар тапшы.

"Қазіргі таңда Қазақстанда балалардың бәріне жүрек аритмиясы бойынша терапиялық зерттеу жүргізіле бермейді. Өйткені, республикамызда балалар аритмологтары, балалар кардиохирургы, перфузиолог мамандар жетіспейді. Жалақысы төмен, жауапкершілігі жоғары болған соң жас кардиохирургтер бұл мамандық бойынша тұрақтап істемейді", - деді Жүсіп премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттар үкімет осындай мамандықтар бойынша арнайы кадрлар даярлау ісін қолға алуы тиіс деп санайды. Кадр потенциалын қалыптастыру үшін осы мамандықтардың мәртебесін көтеру қажет. Жалақысы да соған сәйкес болғаны жөн.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, көптеген ауруханада магнитті-резонанстық томография – МРТ аппараты жетіспейді. Бұл операцияға дейінгі және одан кейінгі кезеңде зерттеулер жасау үшін ауадай қажет аппарат. Оны сатып алуға ауруханалардың шамасы келмейді. Бұл мәселеге де үкіметтің қолдауы қажет, деп жалғастырды сенатор.

Тағы бір проблеманың бірі – кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетілетін қызметтердің тарифтік саясатын дұрыстау. Жүсіп ауруханалардың зерттеу мен емдеуге жұмсаған клиникалық қаражатының орнын толықтыру мәселесі толық шешілмегенін атап өтті. Депутаттар денсаулық сақтау министрлігіне емдеу және реабилитация тарифтерін қалыптастыруды жетілдіруді ұсынды.

Оқи отырыңыз: Депутат Қазыбек Иса халыққа заңсыз үстемдік жасап жатқандар жайлы айтты

 

Жаңалықтар
0