12:09 26 Ақпан 2021
Тікелей эфир
  • USD414.77
  • EUR506.81
  • RUB5.64
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
COVID-ке қарсы вакцина (102)
793 0 0

Адам ағзасында аденовирусқа қарсы иммунитет болса, онда вакцина әсер етпеуі де мүмкін. Ол жасушаға да кіріп үлгермейді

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Страсбург университетінің молекулярлық биология және вирусология саласындағы PhD докторы, ғалым Әсел Мұсабекова коронавирусқа қарсы вакцинаның кейбір адамдарға не себепті көмектеспейтінін түсіндірді,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мысалы, "Спутник V" сияқты векторлық вакцинаны алсақ, ондай вакциналар аденовирустар негізінде жасалады. Ал аденовирус – жыл сайын тұмау мауысымы кезінде таралатын вирустар. Олардың түр-түрі болады. Бізде көп аденовирусқа қарсы иммунитет қалыптасқан. Ал "Спутник V" вакцинасында адамның екі аденовирусын қолданған. Біреуі – 5-ші аденовирус, екіншісі – 26-шы аденовирус. Оларға қазіргі COVID-19-дың бір бөлшегін қосып қояды. Осылайша векторлар, яғни аденовирустар адам ағзасындағы жасушаларға жаңа вирус туралы "ақпарат" жеткізеді де, антиденелер бөліне бастайды, қорғаныс жүйесі қалыптасады", - деді Мұсабекова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Алайда кей кезде ондай реакция болмай қалуы да мүмкін. Себебі адамда вектордың өзіне иммунитет болады.  

"Демек бізде вектордың өзіне, яғни аденовирусқа қарсы иммунитет болса, онда вакцина әсер етпеуі де мүмкін. Яғни біздің ағзамыз вакцинаның өзін "жеп қояды". Ол жасушаға да кіріп үлгермейді. Міне, осыған байланысты вакцина кейбір адамдарға көмектеспеуі де ықтимал", - деп атап өтті Мұсабекова.

Оның айтуынша, ресейлік ғалымдардың екі компонетті вакцинаны шығарудың себебі де сол. Адамда 5-ші аденовирусқа иммунитет болса, 26-шы аденовирусқа болмай қалуы мүмкін. Сол себепті алдымен вакцинаның бір компонентін салады. Ал 21 күннен кейін екінші компонентін егеді. Осылайша, бір компонент екіншісін күшейтеді де, вакцинаның тиімділігі артады. Сосын ресейлік ғалымдар сирек кездесетін аденовирустарды әдейі таңдаған. Негізгі мақсат – оларға қарсы иммунитетті айналып өту. Дегенмен екі аденовирусқа да иммунитеті бар адамдар кездеседі. 

"Векторлық вакцинаның ерекшелігі сол, оны шығарғанда да адамның аденовирустарын қолданады. Жалпы, кез келген вакцина 100 процентке қорғай алмайды. Дегенмен коронавирусқа қарсы екпелер аурудың асқынып кетуінен және індеттің ауыр формасынан қорғайды. Сондықтан ондай адамдар коронавирусқа шалдықса да, коронавирустың жеңіл түрімен ауырады. Осылайша вакцинация инфекцияның өзінен қорғай алмаған күннің өзінде ауыр салдарынан қорғайды. Ал коронавирус кезінде бұл – маңызды мәселелердің бірі", - дейді Мұсабекова.

Оқи отырыңыз: Билл Гейтс коронавирустан кейін адамзатқа қандай қауіп төніп тұрғанын айтты 

Осы орайда ғалым қазақстандық "QazCovid-in" вакцинасына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл – инактивті вакцина. Ондайда тұтас бір вирусты сан алуан химикаттармен зиянсыз қылады да, белсенділігін төмендіп қояды.  

"Бұл әдістің өзіндік қиыншылығы мен артықшылығы бар. Қиындығы сол, вирустарды өсіріп, инактивация жасау үшін III деңгейдегі биологиялық қауіпсіздігі бар зертхана қажет. Қазақстанда ондай зертхана бар. Әрине, оған көп ақша және көп уақыт кетеді. Ал векторлық вакциналар тез жасалады. Сосын коронавирустың бір ғана бөлшегін қосады. Ал инактивті вакцинаның артықшылығы, оны шығарғанда тұтас вирусты қолданады. Белсенді емес вирусты адам ағзасына енгізгеннен кейін жасушалар оны орап алады да, иммундық жүйеге жан-жағынан "таныстырады". Сөйтіп, сан алуан антиденелер қалыптасады, жақсы қорғаныс болады", -  дейді Мұсабекова.

Айта кетейік, 1 ақпан күні Қазақстанда жаппай вакциналау басталды. Бұл шара ерікті түрде алдымен медицина қызметкерлері арасында жүргізіледі. Әзірге ресейлік "Спутник V" вакцинасы салынып жатыр. 15 ақпанда осы екпенің Қазақстанда жасалған түрі емханаларға таратылады. Ал сәуір айында отандық "QazCovid-in" препаратымен жаппай вакцинациялау басталады. 

Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (102)

Тақырып бойынша

Мәжіліс депутаттары коронавирусқа қарсы вакцина салдырды
Таразда вакцина салдырмасаңдар, басқа жұмыс іздеңдер деген басшының басы бәлеге қалды
Вакцинадан кейін әлсіздік байқалды – денсаулық сақтау вице-министрі
Мұсылмандарға вакцина салдыруға бола ма – мүфтият жауабы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қуанышты хабарды жариялады
Кілт сөздер:
коронавирус, вирус, вакцина
Загрузка...

Басты тақырып